$472.62 €513.22 ₽5.43
×

«Нұр Отан» партиясының барлық қоғамдық қабылдау бөлмелері жанынан бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі құрылады

AstanaTV
15.02.2019ж. 20:00
4018
«Нұр Отан» партиясының барлық қоғамдық қабылдау бөлмелері жанынан бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі құрылады

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға енді бірыңғай әлеуметтік терезе арқылы қызмет көрсетіледі. Жаңа жүйе «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері жанынан құрылатын болады. Бұл жөнінде партия төрағасының бірінші орынбасары айтты. Мәулен Әшімбаев мемлекет өз азаматтарын әлеуметтік қолдауға айрықша көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Жұмыспен қамту, балаларды балабақшаға орналастыру, өзге де жеңілдіктер жасалуда. «Алайда, осы игі шаралардың шарапатын кейбір адамдар көре алмай отыр»,-дейді Әшімбаев. Ендігі меже көмекті нақты мұқтаж жандарға көрсету.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мемлекеттің тарапынан, республикалық бюджеттен, жергілікті мемлекеттік органдардың тарапынан біраз көмектер көрсетіліп жатыр. Сол көмекті кейбір біздің кейбір азаматтарымыз толықтай ала алмай жатыр. Енді әртүрлі себептері болуы мүмкін. Құжаттарының көптігі себептерінің бірі болуы мүмкін, мысалы. Осындай мәселелерді біз ескеріп, партиямыздың барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «бірыңғай әлеуметтік терезе жобасын жүзеге» асырып жатырмыз. Сол жерде өзіміз көмектесіп, керек болса звондап, бұл мәселені бақылауға алып, соңына дейін жеткізуге жұмыс істейтін боламыз.

Алғашқы әлеуметтік терезе Алматыда жұмыс істей бастады. Енді сол тәжірибе өзге өңірлерде көкжиегін кеңейтеді. Әшімбаев: «Жаңа жүйе мемлекеттік жеңілдіктермен бірге үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін нақты көмектерді де қамтиды»,- деді. Мәселен, меценат көмекке мұқтаж отбасы жайлы ақпар алып, өзі тікелей қол ұшын соза алады. Әлеуметтік терезе жүйесінің жұмысын «Нұр Отан» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес қадағалайтын болады. Кеңес елбасының тапсырмасымен ақпан айының басында құрылған еді. Көпбалалы отбасыларды қолдау консултативтік-кеңесші органның бір бағыты. Республикалық кеңес «Жас Отан» және салалық ведомствалармен бірлесе отырып тұрғындардың әлеуметтік картасын жаңғырту жолында түрлі жұмыстар атқарады.  

Динара ЗАКИЕВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қиын жағдайда өмір сүріп жатқан отбасыларды тіркей отырып, әр отбасыны, әр үйді, әр баланы қамтуымыз қажет. Бұл жұмыс үнемі жүргізіледі. Барлық мәлімет айқын әрі жедел мониторинг жүргізу үшін бірыңғай әлеуметтік платформаға енгізіледі.

З. Санай