Ақтөбелік кәсіпкер Владимир Поляков заңмен тиеслі жер телімін тартып алды деп әкімдікті айыптайды. Ол 400 гектар аумақты 10 жылға жалға алған. 2016 жылы Хромтау ауданы әкімдігі Табантал ауылдық округынан рәсімдеп берген. 42 гектары жекеменшікке бес жылға қайтарымсыз қолданысқа берілсе, 357 гектар он жылға жалға беріліпті. Кәсіпкер мұнда асыл тұқымды мал өсіруді қолға алып, өндірістік қойма, үй-жай салып, жүз бас ірі қара сатып алған. Енді пайда таба бастағанда жерге қатысты дау шығып отыр.
Владимир ПОЛЯКОВ, КӘСІПКЕР:
Әкімдіктің қанша жыл өткен соң жерді заңсыз бергені есіне түсті. Жер конкурс, аукцион арқылы берілуі тиіс деп келіп тұр. Бірақ, сол кезде, яғни, мен жер алған кезде біздің ауданда ондай аукцион, конкурс дегендер атымен болған жоқ.
Кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысу үшін басындағы екі пәтерін, көлігін кепілге қойып несие алған. Жалпы шаруашылықты аяққа тұрғызу үшін 100 миллион теңге жұмсағанын айтты. Бірақ, жерді кәсіпкерден жергілікті әкімдік сот арқылы тартып алған.
Рахат ТӘЖІБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Қазіргі таңда жер учаскесін енді тәркіледі делік. Бірақ, үстіндегі мүлкі, сонымен қатар ірі қараны қай жаққа қояды. Сосын несие бар уақытында өзі төлеу керек. Осы мәселені қарастыру тиіс еді. Жергілікті атқарушы органдар кінәлі деп есептейміз. Себебі, Поляковтың қолында комиссияның қорытындысы бар. Бір адам емес ол жалпы комиссия қорытындысында шешілетін нәрсе.
Б. Рахметова