$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Үндістанда шиеленіс аумағында қалған жолаушылар елге орала алмай отыр

AstanaTV
01.03.2019ж. 20:00
4598
Үндістанда шиеленіс аумағында қалған жолаушылар елге орала алмай отыр

Үндістан мен Пәкістан қақтығысынан «Эйр Астана»-ға тиесілі ұшақтар тағы кешігіп жатыр. Үнді жерінде 60-қа жуық отандасымыз қалып қойған. Бұл туралы Қазақстан елшілігі хабарлайды. Ал, Пәкістан аспаны қашан ашылатыны белгісіз. Ол арқылы күніне әлемдік 800-ге жуық рейс қатынайды. Нұрсұлтан Біләл жалғасытрады.   

Екі ел арасындағы қақтығыс кесірінен 169 жолауышысы бар «Дели-Алматы» бағытындағы ұшақ бүгін түнде ғана Алматы әуежайына қонды. Ол Пәкістан әуе кеңістігін айналып, Оман корольдігі арқылы жеткен. Жолаушылар бір тәулік бойы өзге елдің әуежайында уақыты бірнеше рет ауысқан рейсті күткен.  

Ерсұлтан НҰРЫМБЕТОВ, ЖОЛАУШЫ: 

Түнгі 12-де хабар берді, кетеміз деп. «Оман арқылы кетеміз»,- деді. Содан соң сағат түнгі 2-де 4 автобуспен әкелді де тіркеді, ұшақта біраз тостық. «Таңғы алтыда рұқсат берді»,-деді. Алдында Оман рұқсат бермепті.

Арыстанбек ЖҰМАҒҰЛОВ, ЖОЛАУШЫ: 

Басынан бастап бізге мән-жайды ешкім түсіндіріп айтқан жоқ. Барлығы ағылшын не хинди тілінде сөйлегеннен кейін, нақты ақпарат алу мүмкін болмады. Біршама уақыт өткен соң барлық жолаушыларды қонақ үйлерге жайғастырып, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Өз Отанымызға оралғанымыз үшін қуаныштымыз.

Пәкістанның Солтүстік әуе кеңістігі әлемнің әуекомпаниялары жиі ұшатын аймақ. Өйткені, бұл аймақ арқылы Үндістан мен Оңтүстік-Батыс Азия, Еуропа және Ресей мемлекеттеріне ұшатын рейстер бар. Сондай-ақ, Индонезия, Филиппин, Австралия елдерінің әуе компаниялары да бұл бағытта рейстер атқарады. Мамандар күніне 800-ден астам ұшақ Пәкістан аспаны арқылы жолаушыларды тасымалдайды дейді. Сондықтан, дәл осындай аса маңызды трассаның жабылуы көптеген әуе компанияларының жұмыс кестесіне өзгерістер енгізуге мәжбүрледі. Мысалы, «Thai Airways» өз клиенттерін енді Еуропаға қалай жеткізетінін білмей дал.  

Терра БУАСИ, «THAI AIRWAYS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ ДИРЕКТОРЫ:     

Біз Қытай және Ресей әуе кеңістігі арқылы Еуропаға жаңа бағытта ұшатын рейстерді ашамыз. Солтүстікке ұшпай-ақ, енді Банкок, Қытай, Ресей арқылы Еуроодақ аумағына ұшақтарымыз жолаушыларды жеткізе алады.

Бірқатар әуе компаниялары тығырықтан шығу жолдарын ойластырып жатыр. «Singapore Airlines» және «British Airways» сынды ірі әуе тасымалдаушыларымен қатар Ресейліктер де біраз қиындықтарға тап болды. Ал, жолаушылар болса, елдеріне оралуға асық.  

Гарри УОТТС, ЖОЛАУШЫ:  

Біз Брюссельге жолға шықтық. Бірақ, 16 сағат бойы күтудеміз. Бұл жерге сағат кешкі 9 шамасында жеттік. Уақыт өтіп жатыр. Ал, біз әлі не болып жатқанын білмейміз.

«Эйр-Астана» компаниясының ақпараты бойынша Пәкістан әуе кеңістігі жабылған күннен бастап 600-ге жуық адамнан арыз-шағым түскен. Барлық клиенттердің билеті өзге серіктес компаниялар арқылы ауыстырылған. Олар Киев, Банкок, Гонгконг, Сеул және Мәскеу арқылы келеді. Елімізідің Сыртқы Істер министрлігі болса Делиде тек 20 қазақстандық қалды деп мәлімдеді.  

Тауболды ҮМБЕТБАЕВ, ҚР ІІМ КОНСУЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Қазіргі уақытта бар болғаны 68 азамат қалды. Бұл азаматтар қазақстан азаматтар емес, бұл барлық мемлекеттер азаматтары. Оның ішінде тек қана 20 Қазақстан азаматтары ғана қалды. Оларға билеттері ауыстырылып, тамақтандырылып, барлық мүмкіндіктер жасалды.

Ширек ғасырдан бері жалғасқан дауға қашан нүкте қойылатыны белгісіз. Пәкістан аспаны қашан ашылатынын да болжау қиын. Дегенмен, Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар елге дін аман оралады деп отыр.  

Н. Біләл