Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Үш жарым жылдай күтушісі тәрбиелеген ақтөбелік бүлдіршіннің анасы табылды

AstanaTV
04.03.2019ж. 20:00
4452
Үш жарым жылдай күтушісі тәрбиелеген ақтөбелік бүлдіршіннің анасы табылды

Ақтөбеде үш жырым жыл бұрын бала күтушіге тастап кеткен бүлдіршіннің анасы табылды. Оны әлеуметтік қызметкерлер тапты. Бауыр еті баласын күтушісіне қалдырып, өзі үшті-күйлі жоғалған ана Астанадан табылған. Бірақ, осы күнге дейін кішкентай қызды бағып, бауыр басып қалған күтушісі баланы асырап алуға үмітті.  

Бес жастағы Әсемгүл қазір кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында. Анасы оны осыдан 3 жарым жыл бұрын бала күтушіге қалдырып, өзі үшті-күйлі жоғалып кетіпті. Арада жылдар жылжығанмен балғынды іздеген адам болмаған. Баланың күтуші қамқорлығында болғанын білген мамандар жуырда бейімдеу орталығына жеткізген.   

Айтолық СӘРСЕНҒАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Жасына байланысты дамуы жақсы. Өте ашық. Балалармен де. Біз Әсемгүлдің ешқандай кемшілігін көрген емеспіз. Өйткені, оның сөйлеуі тастай, тәштай дейді ғой қазақта. Сосын көбіне орыс тілінде сөйлейді.

Мамандар 5 күннен бері оның анасына іздеу жариялаған. Ақыры тапты да. Ол Астанада тұрып жатқан көрінеді. Әсемгүлді алып кететінін телефон арқылы хабарлады.  

Әсел, ӘСЕМГҮЛДІҢ АНАСЫ: 

Менде баруға уақыт болмады. Бір жағынан мүмкіндігім де болмады. Астанаға келдім. Орналасамын, жұмыс табамын дегенше төртінші баламды босандым. Солай байланып, отырып қалдым. Мен жақында келемін. Әсемді өзіммен алып кетемін.

Әселдің айтуынша, Әсемгүлдің үш бауыры бар. Олар өзімен бірге екен. Бірақ, бүлдіршінді осы күнге дейін бағып келген Марианна бауыр басқан баланы анасына бергісі жоқ.  

Марианна ФОТЕСКУ, БАЛА КҮТУШІ: 

Мен соңына дейін күресемін. Қалайда қамқорлығыма аламын. Асырап алу өте ұзаққа 3-4 айға дейін созылуы мүмкін. Біз күн сайын, әр таң сайын оған барып тұрамыз. Ұйықтар алдында видеозвонокпен сөйлесеміз. Бір-бірімізге қайырлы түн тілейміз.

Десе де мамандар туған анасы бар екенін, әрі оның баладан бас тартпағанын жеткізді.   

Ақырыс ШАГИРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:  

Марианна қамқорлығына алғысы келеді. Ол келіп Әсемгүлді қамқорлығына алуға қажетті құжаттар тізімін алып кетті. Бірақ, қазір ол балаға ешкім емес. Бірақ, бұл жерде басымдық туған анасына беріледі. Заң да анасы жағында. Бала өз отбасында тәрбиеленуі тиіс.

Әсемгүлдің туған анасы қызына 8 наурызда келуді жоспарлап отыр. Бірақ, бүлдіршінді өзімен алып кету үшін оған қайтадан баласымен тіл табысу, құжаттарын ретке келтіру және өзі баға алатындай дәрежеде екендігін дәлелдеуі тиіс. Бала тағдырына қатысты нақты шешім тек содан кейін ғана қабылданбақ.  

  Б. Рахметова