Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстандықтар үшін Түркиядағы демалыс қымбаттайды

AstanaTV
05.03.2019ж. 20:00
3375
Қазақстандықтар үшін Түркиядағы демалыс қымбаттайды

Биыл қазақстандықтар үшін түрік еліндегі демалыстың құны біршама қымбаттамақ. Анадолы үкіметі енді туристерден ақшаны долларлап алмайтын болды. Туристік қауымдастық өкілдері төлем валютасын айырбастау орта табысты адамдар үшін турпакеттің кем дегенде 10-20 пайызға қымбатқа түсетінін айтып отыр. Ал, кейбір сарапшылар: «бұл уақытша құбылыс, мұндай өзгерістің астында саяси астар бар»,- деген пікірде.   

Жаз шығысымен Жерорта теңізін жағалап кететін отандастарымыз үшін жағымсыз жаңалық. Сапалы әрі арзандау делінетін Түркияға бағытына туристік жолдамалар біршама қымбаттайды. Енді Түрік мемлекеті көп елдерге, оның ішінде Еуропа мемлекеттеріне жолдамаларды тек еуромен саудаламақ. Тиісінше, 1 қаңтардан бастап Қазақстан турагенттіктері де турпакеттерді еуромен сатып жатыр.   

Рауан ЕСҚАЛИ, «ТУРИСТІК ҚАМҚОР» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:  

Енді осы жылдан бастап, әсіресе, жазға қарай Түркияға туристік жолдамалар 10-20 пайызға қымбаттайды деген болжамдар бар. Оның бірнеше себептері бар. Еуропаның туристері Түркияға келуі артып, сұраныс жоғары болғандықтан, сәйкесінше, жолдамалар бағасы біраз көтерілуі нарық талабына сәйкес деп түсіндіріп отыр көптеген сарапшылар.

Бюджеттік туризмнің қызығын көріп жүрген алматылық Роза Есенқұлова биыл да Түркияға баруды жоспарлаған. Алайда, нарықты зерттеп көрген саяхатшы жолдама құнының айтарлықтай өскенін айтады. Ол бұрын Кіші Азия түбегіндегі теңіздерде 5 жұлдызды қонақ үйге тоқтау үшін 500 АҚШ доллар төлеп келген.   

Роза ЕСЕНҚҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Шынымен, биыл біздің отандастар үшін жолдаманың орташа бағасын есептегенде, қымбат шыққалы тұр. Екі жыл бұрын бір адам 500 долларға бір аптадан он күн аралығында демалушы еді. Ал, 2017-2018 жылдары ол бірден 800 АҚШ ақшасына шарықтады. Биыл қарап отырсам, сол жолдаманы 800 еуро деп жазып қойыпты. Бұл шамамен 325 мың теңге. Айтарлықтай қымбат.

Түрік басылымдарында ұзақ жылдан бері жұмыс істейтін журналист Бауыржан Қарипов: «Түркия экономикалық дағдарыс кезеңінде»,-дейді. Соңғы 15 жылда болып көрмеген қаржы-экономикалық қиындықтарға халық төзбей барады. Осы наурыз айында елдегі билеуші партия әкімдер сайлауын өткізеді. Ендеше Үкімет сенімі кеткен доллардан гөрі еуроны экономикалық айналысқа енгізуге мүдделі. «Сонда сайлаушылар қарсылығы біршама төмендейді деген үміт бар»,- дейді сарапшы.      

Бауыржан ҚАРИПОВ, ЖУРНАЛИСТ- САРАПШЫ:  

Енді осындай жағдайда сайлаудан кейін доллардың 10-11 лираға дейін қымбаттап, түрік лирасы құнсызданатынын айтады сарапшылар. Бүгін де доллармен сатылып жатқан турлар Түркия экономикасы мен туризмі үшін пайдалы емес. Мысалы, еуро доллар сияқты қымбаттамауы мүмкін. Себебі, турлардың сатылымынан агенттік ғана емес, қонақ үйлер де пайда әкелуі керек. Меніңше, Түркиядағы турлардың еуромен сатылуының бір себебі осы деп ойлаймын.

Десе де біздің елде туристік жолдамаларды қыс кезінде алып қою үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Сондықтан, билеттердің еуромен сатылғанына қармастан, ерте брондау бәрібір арзандау болады, дейді туристік қауымдастық өкілдері.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Десе де мамандар Түркияның туризмді еуро валютасымен бағалауы қалыпты құбылыс деп отыр. Жерорта теңізінің жағалауына келіп тынығатын туристердің көбі еуропалықтар. Ресейден 1 млн турист барса, Германиядан жылына кем дегенде 4 млн. адам ағылады. Ал, Қазақстаннан былтыр шетелге демалуға барған жерлестеріміздің үштен екісі осы елді таңдаған.

Р. Асқарбекұлы