Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шабандоз қыз!

AstanaTV
09.03.2019ж. 20:00
5644
Шабандоз қыз!

Жеті жасында асау тайды үйретіп, 11 жасында бәйгеде шапқан Әйгерім қазір Оралда жоғары білім алып жатыр. Қайсар қыз қалада жүрсе де, дала баласына тән болмысынан бір мысқал да айнымаған. Шабандоз қыздың «бір бәйгеде кеткен қателік екінші бәйгеде қайталанып жатады» деуі өмір бәйгесін де елестеді. Әйгерімді тыңдап, таспаға түсірген Еркін Карин мен Наурыз Халит жіберген материал: 

Әйгерім ҒҰМАРОВА, АТБЕГІ: 

Атқа мінуді, қалай жүген салу керек, оны қалай ерттеу керек сияқты жұмыстардың бәрін алғаш әкем үйреткен. Жеті жасымда әкем үйдегі асау тайды үйретуімді сұрады. Әкем маған бір талап қойды: «Осы асауды мініп, осыдан құлайтын болсаң, осыдан кейін жылқыға жоламайтын боласың», - деген. Алғашқыда қорыққаныммен, содан кейін жайлап асау мінуді де үйрендім. Асаудың мінезін, ашуын басқаннан өзіме рахат аламын. Мініп жүргенде бір-екі рет құлағаным бар, көп құлаған емеспін аттан. Бәйге атына мен 11 жасымнан шаптым. Алғашында анам келісімін бермей, сол бәйгеге қашып кеткен болатынмын. Отыз шақты бәйгеге шаптым, соның жиырма шақтысынан жүлдеге іліктім. 

Құсайын БАҚТИЯР, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жастарды, ұл бала болсын, қыз бала болсын, атқа мінуге баулу үшін, соған қызықтыру үшін, менің ойымша, мектеп бағдарламасына енгізсе деген ойым бар. Атқа міну керек, бұл біріншіден, денсаулық, екіншіден, ұлттық дәстүріміздің бір бөлшегі.

Әйгерім ҒҰМАРОВА, АТБЕГІ: 

Бәйге аттарын Россия сияқты басқа жақтардан қымбатқа әкеледі. Сосын олар бір бәйгеден зақым алғасын, жарамсыз боп қалады. Одан да басқа жақтан әкелінген айғыр мен биені біздің жаққа жерсіндіріп, біздің жерімізге үйренген қолтума жылқыларды шығарса... Біздің ең үлкен қателігіміз сол. Жаңағы басқа жақтан әкелінген жылқылар көбіне біздің климатқа бейімделмей жатып, оны бәйгеге қосып, шығынданып жатады.

Қазақы жылқылардың тынысы жай ашылады. Оларға ұзақ шақырым керек. Ал қазіргі кезде 20-25 шақырымнан артық бәйгелер болмайды. Ал шетелдің таза ағыпшын жылқылары бұларды жылдамдығымен ұтып кетеді, біздің аттар жаңа айттық - 30 шақырымнан кейін барып ашылады. 

Мал дәрігерлері бәйге аттары ауырған кезде көмектесе алмайтынын көп көріп, Қызылорда облысынан бәйге аттарын емдейтін Айдар деген ағай келген еді. Сол кісінің қасында екі жыл жүрдім. Бәйге аттары көбіне аяғынан зақым алады ғой. Соны емдеп, қандай шаралар жасау керек, қандай дәрілер салу керек - көп нәрсе үйрендім. Жылқының бір ерекшелігі – оның көзінен бәрін оқып-білуге болады. Оның қандай көңіл күйде тұрғанын, бір жерінің ауырып тұрғанын дегендей... Мына жылқының алаңдаулы сезімі бар, сосын қорқыныш бар, әрі бабында емес... Қазір бізде атжарыс, бәйге өткізетін ипподром жоқ. Ипподром болса, адамдардың қызығушылығы одан әрі артып, бәйге аттарын ұстауға құштарланатын еді. Бізде атбегілердің арасында жиналыстар көп болмайды. Бір бәйгеде кеткен қателік екінші бәйгеде де қайталанып жатады. Атбегілердің алдын-ала ақылдасуы, ауызбірлігі бізде өте төмен...