157 адамның өмірін жалмаған Эфиопиядағы әуе апатынан кейін Боингпен ұшатын экипаждар тренингтен өтуі мүмкін. Азаматтық авиация комитеті отандық әуе компанияларына осындай ұсыныс жасады. Ал «Ethiopian Airlines» Боингтерден уақытша бас тартып отыр. Қайғылы жағдайға душар болған елге Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Данияр Қайыртай толықтырады.
Ахмед Халид тап сол рейспен ұшуға тиіс еді. Алайда ұшаққа отыруға үлгермей қалған. Ақпарат құралдары әуе апатынан күллі жолаушы опат болғанын хабарлап жатса да, Ахмедті Кения астанасындағы әуежайда әкесі бірнеше сағат күткен. Ұлының аман екенін сезсе керек.
Ахмед ХАЛИД:
Мен алдымен Дубайдан Аддис-Абебаға ұшып, одан Найробиге ұшатын рейске отыруым керек еді. Бірақ Дубайдағы ұшақ кешігіп, мен Кенияға баратын рейстен қалып қойдым. Көңілім құлазып, басқа билет сатып алдым. Кейін азан да қазан шу басталып кетті. Ұшақ әуеге көтерілгеннен 6 минут өткен соң құлаған.
6 минутта ұшақ тиісті биіктікке көтеріліп те үлгермейді. Мамандардың айтуынша, ол үшін кемінде 20 минут кетеді. Апат орнында құтқарушылар әлі де жұмыс істеп жатыр. Ішінде қытайлық мамандар да бар.
Ван ГУАНХУЭЙ, CHINA RAILWAY SEVENTH GROUP CO. LTD ФИЛИАЛЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қолымыздан келгенін істейміз. Апат болған жерде кратер бар. Қазір сонда іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Ұшақтың корпусы жер астында. Оны қазып жатырмыз. Одан кейін апаттың себебін анықтайтын боламыз.
«Боинг 737 МАХ» маркалы ұшақ айналдырған жарты жыл ішінде екінші рет құлады. Былтыр қазан айында Джакартадан ұшқан лайнер экрандардан көрінбей қалған еді. Бірақ экипаж құрамы басқаруда кедергілер шыққанын хабарлап үлгерген. Ал «Эфиопиян Эйрлайнс» компаниясындағылар апатқа ұшыраған рейсті басқарған ұшқыштың 200 сағаттық тәжірибесі болғанын айтады. Әуе кемесі де мінсіз жұмыс істеп тұрған.
Тивольд ГИБРЕМАРИЯМ, «ETHIOPIAN AIRLINES» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Ұшқыш Мұхаммед Нұр Мұхаммед «Эфиопия» әуе компаниясының тәжірибелі қызметкері еді. Біз ұшақты қабылдап алғаннан кейін, 2019 жылғы ақпанның 4-де техникалық тексеру жасағанбыз. Бәрі дұрыс болған.
Тергеу жұмыстарын Боинг корпорациясы да жіті бақылап отыр. Техникалық жағынан жәрдемдесуге дайын екендерін білдірді. Ұшақ шығарушы кәсіпорынның неліктен қауіптеніп отырғаны түсінікті де шығар. Апатқа ұшыраған лайнер -тарихта ең көп сатылған Боинг саналады. 2011 жылдан бері осы үлгідегі ұшақтың 5 мыңнан астамы қолданысқа берілген. Оны сатып алғандар ішінде қазақстандық «SCAT» компаниясы да бар. Оларға бір ұшақ тиесілі.
Тивольд ГИБРЕМАРИЯМ, «ETHIOPIAN AIRLINES» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Апаттың себебі белгілі емес. Тергеу кезінде барлық халықаралық ережелерді сақтаймыз. Боинг компаниясы, Америка мен Эфиопия үкімет мүшлеренің қатысуын қадағалаймыз.
Құлаған ұшақтың бортында 35 мемлекеттің азаматы болған. Көбісі кениялықтар. Олардың саны - 32. Одан бөлек 18 канада азаматы, 9 адам Эфиопиядан, Қытай, Италия мен АҚШ-тың 8 және Ресейдің 3 азаматы болған. Бірде-бір қазақстандық жоқ. Мұны Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Д. Қайыртай