Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Зинедин Зидан «Реалға» қайта оралды

AstanaTV
12.03.2019ж. 20:00
2455
Зинедин Зидан «Реалға» қайта оралды

Зинедин Зидан «Реалға» қайта оралды. Бас бапкер қызметіне шақырылған Зизудың шарты 2022 жылға дейін жасалған. Атақты француз өткен маусымда Чемпиондар лигасын жеңіп, 5 күн өткеннен кейін командадан кетті. Ол басқарған екі жарым жыл ішінде «Реал Мадрид» 9 трофей жеңді. Биылғы маусымда жеңілістен көз ашпаған корольдік клуб енді ес жиюы мүмкін. Өйткені, Зидан «Реалмен» бірге 3 жыл қатарынан Чемпиондар Лигасын жеңген бапкер. Алайда, биылғы бәсекеде амстердамдық «Аякс» испандық клубты 4-1 есебімен өз алаңында ойсырата жеңді. Осындай олқылықтардың орнын толтырады деген Зиданның келісім шарты 3 жылға жасалып отыр. 

Бұрынғы UFC чемпионы Конор Макгрегор Флорида штатында тұтқындалды. Ирландиялық ережесіз жекпе-жек шебері қарулы тонау және бұзақылық баптары бойынша айыпталып отыр. Тентектігімен танымал спортшы Майами-Бичтегі қонақ үй маңында өз жанкүйеріне шабуыл жасаған. Онымен суретке түспекші болған тұрғынның телефонын тартып алып, аяғымен таптап тастаған. Смартфоны сынған адам құрылғысының құнын мың долларға бағалаған. Басбұзар спортшы өз үйінен табылды. Қазір ол Майами-Дейдтегі түрмеге қамалған. 

Қазақстанның қоржыны тағы бір алтынмен толықты. Ауыр атлет Сәпи Есенгелді Лас-Вегаста жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Бұл біздің қоржынға түскен осымен үшінші алтын. 81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сәпи Есенгелді қос сайыс бойынша 309 келі салмақты бағындырды. Жұлқа көтеруде 134 келіні игеріп, серпе көтеруде 175 келіні көтерді. Сәпи үшін бұл бірінші халықаралық бәсеке. Еске салсақ, Лас-Вегаста ауыр атлетикадан өтіп жатқан жасөспірімдердің Әлем чемпионатында ел намысын 5 спортшы қорғауда.  

Д. Әлімқұл