$498.34 €519.72 ₽4.85
×

101 тонна бекіресі қырылып қалған «Луговой жылқы зауытына» келген шығынды мемлекет өтемейді

AstanaTV
13.03.2019ж. 20:00
3487
101 тонна бекіресі қырылып қалған «Луговой жылқы зауытына» келген шығынды мемлекет өтемейді

101 тонна бекіресі қырылып қалған Атыраудағы «Луговой жылқы зауытына» келген шығынды мемлекет өтемейді. Бар шығында қызыл балықтың жаппай қырылуына кінәлі мекеме өз мойнына алады. Бұл туралы бүгін Атырауда салааралық комиссия өкілдерінің журналистермен кездесуінде айтылды.  

Әлібек НӘУТИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Егер, ол кезінде осы балықты сақтандыруға қойса, қорға ақшасын төлеп отырған болса, онда ол басқаша болатын еді. Өкінішке орай, олар ондай жұмыстар атқармаған. Сондықтан тек қана, қылмыстық іс ашылғаннан кейін, кінәлі адам ғана оның орнын жаба алады.

Естеріңізге салайық, балықтың жаппай қырылу дерегі былтыр желтоқсанда тіркелген. Табиғи апатқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Ал Жайықтан бүгінге дейін 9 тонна өлексе жиналды. Мамандар «уайымдауға негіз жоқ»,- деп отыр. Айтуларынша, Жайық өзенінің Атырау облысындағы бөлігінде 21 мың тоннадан астам ұсақ балық қоры бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Жайық өзенін пайдаланатын 4 мекеме тексерілген. Өзенге су құбырын жүргізген тағы 5 нүкте анықталып, иелері іздестіріліп жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау өкілдері ауыз су сапасы қалыпты, алаңсыз тұтынуға болады дейді.  

Қайрат НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Барлық құжаттар алынды. Әріптестеріміздің сараптамалары да қолымызда. Жайықтың суы мен топырақтан сынама алынды. Кешенді сот-экологиялық сараптамасы тағайындалды. Әлі аяқталған жоқ. Біз нәтижесін күтіп отырмыз. Бірақ, тергеу амалдары тоқтаған жоқ. 7 мемлекеттік орган көмектесіп жатыр. Сарапшылар бізге осы айдың соңында немесе сәуірдің басында зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз деп отыр. Біз сосын шешім шығарамыз.

Б. Нәдірқызы