Негізгі / Жаңалықтар / Оралда су тасқыны қаупіне байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Оралда су тасқыны қаупіне байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Оралда су тасқыны қаупіне байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Қазір қалада қар шығарылатын жерлер лық толған. Шаһар маңындағы 7 полигонның бесеуінде қар төгетін орын жоқ. Жауапты мекемелер күшейтілген тәртіпке көшірілген. Бірақ, атқарылған жұмыстар тұрғындардың көңілінен шықпай отыр.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Күн жылынғалы бері еріген қардың салмағын көтере алмаған 27 үйдің шатыры опырылып, төбесі ортасына түсті. Мұндай көпқабатты үйлер енді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын «Жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөнделетін болады. Ал жеке тұрғын үйлерді қожайындары өздері жөндеуі тиіс. Әзірге оларды жөндеуге ешқандай қаржы қарастырылмапты.

Мамандар бұл жағдайға қамсыз тұрғындардың өздерін кінәлайды. Өйткені, көбісі өткен ғасырдың орта шенінде салынған ғимараттар. Сондықтан, баспанасын күтіп ұстауы қажет дейді. 

Марс ОТАРОВ, БҚО ТЖД БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Үй иесі үйдің санитарлық, болсын, өрт қауіпсіздігі болсын, жағдайына өзі жауапты. Өкінішке қарай, көптеген тұрғындар айтқан сөзімізге мән бермей, соның кесірінен жаңағы төбелердің қирауы ішінара немесе еріген қар суынан қауіп төндіру оқиғалары орын алып отыр.

Көшедегі қарды тазалау жұмыстарына тұрғындардың көңілі толмайды. Қазір кейбір көшелерден жаяу жүргінші түгілі, көлік әрең жүреді. Әсіресе, балалар мен қарияларға қиын. 

ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мұндай қар 30 жылдан бері жауған жоқ. Жол пайдалану мекемесі әкімдікке тиесілі болған кезде көшелерді тап-таза қылып қоятын. Биыл біздің ауданның қарын мүлдем аршымады. Көшемізді тазарту үшін қыр соңынан қалмай, жыларман болып әрең көндірдім. Содан 7 наурыз күні қарымызды аршыды.

Қыс басталғалы қаладан 1 миллион 300 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылған. Күн жылынғалы 10 мың текше метр еріген қар суы сорылыпты. Көшеге жайылған лай суды азайту үшін басқа кәсіпорындардан 40 шақты арнайы техника тартылған.  

Миржан НҰРТАЗИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Қардың көп түсуіне байланысты қаламыздағы барлық карьерлар қарға толды. 7 карьердің бесеуі жабылып, екеуі жұмыс атқарып келе жатыр. Ең үлкені бізде Асан карьерасы болды. Жыл сайын сол Асан карьерасының үштен бір бөлігін толтыратын едік. Биыл толықтай толтырылды аталған карьер. Қазір жабылды.

Енді күн күрт жылынса, Оралда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Дегенмен, ресейлік төтенше жағдай қызметі Жайық өзені биыл қатерлі деңгейге дейін көтерілмейді деп болжап отыр. Өңір өзендерінде мұз кептелмеуі үшін 15 мыңнан астам ойық жасалып, 112 мың шаршы метрден астам аумақтың мұзы ойылған. Әзірге оралдықтарды еріген қар суы ғана қинап тұр. 

Е. Карин