Бүгін еліміздің батыс аймақтары «Амал» мерекесін тойлап жатыр. Алты ай қыстан аман шыққан ел бір-бірімен қайта қауышып, мәре-сәре болатын күн. Сондықтан, бұл мерекені «Көрісу» деп те атайды. Бұл күн ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңның қол алысып, құшақ айқастыруымен ғана өлшенбейді. Адамдар араларындағы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне игі тілек тілейді. Амал мерекесіндегі ізгі амалдар- әз Наурызға дейін жалғасады. Бүгін «Nur Otan» партиясы еліміздің әр түкпірінде ұйымдастыран шарамен мейрамның шырайын аша түсті.
Оралдық нұротандықтар мерекені алдымен қариялардың амандығын білуден бастады. Олар 64 жыл отасқан Бақыт атай мен Дариға әжейдің шаңырағына сәлем бере барды. Қос қария ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Он баласынан бүгінде 34 немере, 24 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Дариға БӨКЕНБАЕВА, «АЛТЫН АЛҚА» ИЕГЕРІ:
«Көрісу» айтта біз етімізді асамыз, көжемізді жасаймыз. Мектептің балалары көп келетін ауылда тұрғанда. Ескеріп, бәрі де келіп жатыр. Ғұмыр жастары ұзақ болсын! Дендері сау болсын! Жастан жасқа тола берсін! Отан тыныш болсын!
Ақтөбеліктер де мереке көрігін қыздырды. «Жас Отан» жастар қанатының қыз-жігіттері сауда ойын-сауық орталығына келіп, халық әндерін әуелетті. Келушілермен қол алысып, бір-біріне ақ жарма тілек айтысты.
Мұрат МҰСТАФИН, «ЖАС ОТАН» ЖҚ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
Көрісу мейрамында біздің қаламыздың жастары мен осы Ақтөбе қаласы бойынша халықпен көрісу. Киімдер кию, Ұлттық киімдермен домбыра тарту, көптеген іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Тек сауда үйлерінде ғана емес мектептерде, колледждерде бүкіл қаланы қамтып жатыр қазіргі таңда.
Ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген атыраулық «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің аналары партия өкілдерімен бірге балаларға бұл күннің маңызын баяндады. Ал «Сенім» бастауыш партия ұйымының «Кітап алмасу» шарасында жеткіншектерге жаңа кітаптар таратылды. «Кітап оқу көшбасшысы» онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталып, соңы мерекеге ұласты. Аулада бауырсақ пісіріліп, студенттер «Наурыз көжеден» дәм татты.
Болат РЫСҚАЛИЕВ, «СЕНІМ» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ерке Жайықтың бойында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Сенім» бастауыш партия ұйымында көрісу мерекесі жалғасын табуда. Соған байланысты біздер жастарымызды, студенттерімізді ұлттық құндылықтар, патриоттық тәрбиеге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отырған шара.
Елдің бірлігін арттыратын бүгінгі күн жатты да жақындастырады. Ал араға апта салып, 22 наурыз жетеді. Бұл мерекенің қазақ халқы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін де орны бөлек.
Е. Карин