$498.34 €519.72 ₽4.85
×

1 сәуірге дейін жәрдемақы сұрап мазалаудың жөні жоқ – Еңбекпен қамту орталығы

AstanaTV
15.03.2019ж. 20:00
4905
1 сәуірге дейін жәрдемақы сұрап мазалаудың жөні жоқ – Еңбекпен қамту орталығы

Астанадағы еңбекпен қамту орталығы тұрғындарды 1 сәуірге дейін атаулы әлеуметтік көмек сұрап, мазалаудың жөні жоқ дейді. Өйткені, аз қамтылған отбасыларға төленер жәрдемақы бұрынғыша есептеле береді, ал оны қайта рәсімдеу жұмыстары жарты жылдан кейін басталады. Бұл туралы мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесінде мәлім болды. Көмек сұрай барған алты баланың анасы Жанар Өмірбековаға мамандар осылай кеңес беріпті. Көпбалалы ана бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек сұрап бармаған. Жәрдемақы мөлшері аз болса да, оны қайта рәсімдеуге уақыты болмапты. «Енді 1 сәуірден бастап, бұл шаңыраққа берілер әлеуметтік көмектің көлемі шамамен 14 есеге дейін көбейеді»,- дейді мамандар.  

Инна ФИЛАРЕТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Бұл отбасыға 153 мың теңге төленеді. Сондықтан, 1 сәуірден бастап, еңбекпен қамту Орталығына жолығыңыз. Төлемақы мөлшері 6 айға есептелетіндіктен, қазір бізге жолығудың қажеті жоқ. Сізді қазір қабылдаса, 11 мың теңге ғана тағайындайды. Сосын жарты жылдан кейін ғана келесіз. Ал 1 сәуірде бір келсеңіз, тиісті сома түгел есептеледі.

Мамандар көпбалалы аналар ғана емес, тұрмысы төмен отбасыларға да көмек берілетінін ескертеді. Тапқан табысы төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы жетпейтін отбасыларға жәрдемақы беріледі. Бірақ оның мөлшері аймақтық әлде жалпы республикалық деңгейде боларын мамандардың өздері тап басып айта алмай отыр. Нақты шешімді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі беруі тиіс.  

Инна ФИЛАРЕТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Қазір әрбір аймақтағы төменгі күнкөріс мөлшері тоқсан сайын өзгереді, әр өңірде түрліше есептеледі. Сондықтан, көмек көлемін нақтылау үшін министрліктің шешімін күтеміз. Бұл жәрдемақы ел аумағындағы немесе белгілі бір облыстағы төменгі күнкөріс мөлшеріне негізделеді.

Е. Карин