Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Елімізде 10 жылда онкологиялық ауруларға шалдыққан 160 мың адам көз жұмған

AstanaTV
18.03.2019ж. 20:00
3148
Елімізде 10 жылда онкологиялық ауруларға шалдыққан 160 мың адам көз жұмған

Елде соңғы 10 жылда 160 мың адам онкологиялық аурулардан көз жұмған. Бір қала тұрғындарының санына пара -пар келетін бұл көрсеткішті мәжіліс депутаттары Үкімет сағатында келтірді. Жылына обыр дертіне шалдығатындар саны 14 мыңнан асады. Қатерлі ісіктен көбіне ер адамдар жан тапсырады екен. Қазақстандықтар арасында сүт безі, өкпе және асқазан обыры кең етек жайған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуы бойынша жыл басынан бері елде қатерлі ісік диагнозымен 180 мыңнан астам пациент диспансерлік бақылауда тұр. Бұл ретте мәжілісмендер жылда бюджеттен триллиондап бөлінетін қыруар қаржыны алып отырған министрлікті сынға алды.  

Омархан ӨКСІКБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:  

Елжан Амантайұлы, Сіз келгелі біздің денсаулық саласына Қаржы министрлігі қаржыны аямай жатыр. Осы соңғы үш жыл ішінде триллионнан астам республикалық бюджеттен бөлінген қаражат. Менің әріптестерім сұрақ қойып отыр. Соның бәрінің ішінде біз өзімізді емдеудің орнына енді қазір шет елде емделуге көштік деп. Осы қаражаттың барлығын дұрыс жолға қоятын кез келген сияқты. 

Сондай-ақ, мәжілісменнің айтуы бойынша, Қазақстанда 6 министрлікте, яғни, мемлекеттік органдарда өзіндік ведомствалық денсаулық сақтау жүйелері бар. Оларға да орта есеппен 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отырған көрінеді. Денсаулық сақтау министрі шығыстар жыл санап көбейіп келе жатқанын мойындады. Дегенмен, Біртанов триллиондарды бір адам басына шаққанда 70 мың теңгеге де жетпейтінін алға тартты. Сондай-ақ, Үкімет сағатында Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталықтың құрылысы сөз болды. 

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:  

Біз қазірдің өзінде мамандардың біліктілігін арттыру үшін іріктеу жүргізіп, оларды шетелге жіберуді көздеп отырмыз. Бұл бағытта бюджеттен қаржы қарастырылған. Ал аталған орталықтың құрылысын аяқтау 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.       

Н. Біләл