Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жас өнерпаз Санжар Көпбаев әлемдік классикалық туындыларды күйсендықта нақышына келтіріп орындайды

AstanaTV
19.03.2019ж. 20:00
4099
Жас өнерпаз Санжар Көпбаев әлемдік классикалық туындыларды күйсендықта нақышына келтіріп орындайды

Хабарымыздың соңында тағы бір ақпарат. Жас өнерпаз Санжарәлі Көпбаев жиырмаға жуық әлемдік классикалық туындыны нақышына келтіріп орындайды. Нәбәрі 15 жастағы алматылық осы өнерімен тек елдің ғана емес, халықаралық өнер сахнасына танылып үлгерді. Тіпті, бүгінде оның қоржынында көптеген беделді конкурстардың жүлделері бар. Сондай маңызды сайыстардың бірінде оның өнерін байқаған ресейлік әртіс жақында оған су жаңа күйсандық сыйлады.  

Санжарәлі Көпбаев 9 сынып оқушысы. Өте еңбекқор. Әсіресе, әлем классиктерінің туындыларын орындағанда, өзімен бірге бөлек әлемге жетелейді. Өнерпаз кез келген шығарманы орындау үшін оның алдымен шығу тарихын оқып шығатынын айтады. Себебі, сол арқылы сиқырлы үн тыңдарман жүрегіне жол табады дейді. 

Санжарәлі КӨПБАЕВ: 

Әр шығарманы жаңадан бастау үшін бірінші тарихын білу керек. Мазмұнын білу керек. Және де ойнардың алдында бәрін еске түсіріп ойнау керек. Арманым алда келе жатқан гранпиано, Чайковский конкурстарынан жүлделі орын алып келу. Әр музыкантқа сапалы инструмент ол өте керек нәрсе.

Бүгінде өнерпаз ел ішіндегі ғана емес, халықаралық беделді сайыстардың лауреаты атанған. Әсіресе, «Astana Piano Passion» байқауында бас жүлде жеңіп алған сәтін ұмыта алар емес. Өйткені дәл осы жарыстан кейін әлем сахнасына жол ашылғанын айтады. Танымал музыканттар жанына жақын тартып, бірге өнер көрсетуге шақырыпты.  

Гүлжан ҚАЗЫБЕКОВА, ӨНЕРДЕГІ ҰСТАЗЫ: 

Шындығын айтсам, мен шәкіртімнің талантына өте ризамын. Ол отандық пианино мектебін әлем сахнасында абыроймен қорғай алғандардың бірі. Жалпы, мұндай талантты жастар елімізді көп емес. Санжарәлі сол өнерпаздардың алды десем қателеспеймін. Жас та болса күрделі шығармаларды еркін ойнайды. Оның болашағы зор.

Санжарәлінің анасы баласының бойындағы еңбекқорлықты жоғары бағалайтынын жеткізді. Айтуынша, отбасындағы төрт баласының төртеуі де музыкант.  

Гүлжан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ, АНАСЫ: 

Төрт ұлым бар. Төртеуі де музыкант. Оның арасында ерекше Санжар өте еңбекқор. Еңбекті сүйеді. Музыкасыз өмір сүре алмайды. Күнде мектепте конкурстардың алдында сол жақсы роялмен мектепте дайындалатын. Бұл еңбекке ұстазы үлкен қолғабыс болды. Баламды видеоға түсіріп конкурсқа салып жіберген. Содан бағымыз жанып осылай келеміз.

Жас өнерпазға жақында ресейлік танымал метрлердің бірі Денис Мацуев су жаңа күйсандықты сыйға тартыпты. Енді ол осы аспаппен мамыр айында өтетін бесінші халықаралық «Astana Piano Passion» фестиваліне дайындыққа кіріскен. Мақсаты - осы сайыста да ел абыройын қорғау әрі әлемді өз өнерімен мойындату деді.  

О. Нұржақып