Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Нұротандықтар елорда атауының өзгертілуін қолдайды

AstanaTV
26.03.2019ж. 20:00
3144
Нұротандықтар елорда атауының өзгертілуін қолдайды

Қазақстанның бас қаласын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту - еліміздің саяси дамуындағы қалыпты жағдай. Нұротандықтар мұны заңды құбылыс санайды. Өйткені, Арқа төсінен еңселі Елорда салған мемлекет басшысының еңбегі қандай құрметке де лайық. Бүгін еліміздің аймақтарында бас қосқан «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымдары осы бастаманы қолдайтынын жеткізді.  

Астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіруді Елбасы 1994 жылы ұсынды. Еліміз егемендікті енді алған кездегі бұл бастама сынға қалса да, мұның тарихи таңдау екендігін уақыт дәлелдеді. Сол сияқты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас қаланың атауын өзгерту туралы ұсынысы да уақыт талабынан туындаған. Бүгін облыстық форумда бас қосқан «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымдарының мүшелері осылай мәлімдеді. 

Софья ІЗМҰХАНБЕТОВА, «ӨРЛЕУ» БПҰ ТӨРАЙЫМЫ: 

Астана қаласын Елбасының атымен атау, бұл мен ойлаймын, үлкен жаңалық немесе сенсацияға айналатын нәрсе емес. Бұл - заңды құбылыс. Өйткені, кішкентай шағын ғимаратынан бастап, құла дүздегі жатқан қаланы, Ақмола қаласын үлкен бір, керемет Қазақстанның астанасына айналдырудың өзі Елбасының үлкен бір еңбегі деп есептеймін. Егер біз өзімізді-өзіміз құрметтемесек, өзімізді-өзіміз бағаламасақ, онда бұл біздің елдігімізге сын болады.

Алты алаштың басын қосқан бастамадан павлодарлықтар да сырт қалмады. Бастауыш партия ұйымдарының форумында 200 делегат Елорданың «Нұр-Сұлтан» деп аталуын құптады. Ақсу ферроқорытпа зауытының металл балқытушысы Ардақ Аталиков бүгінгі жиынға арнайы келіпті. Форумда сөз алған жұмысшы ел астанасына Елбасының атын беру өте орынды шешім дейді. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев тығырыққа 1990 жылдары елді адастырмай алып шықты. Сондықтан, ол қандай құрметке де лайық деп отыр. 

Ардақ АТАЛИКОВ, АҚСУ ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:  

30 жыл ішінде біздің Қазақстан елімізді басқа елдер танып жатыр. Тек жақсы жағынан танып жатыр. Біздің Елбасымыздың арқасы деп ойлаймын. Өйткені, осындай жетістіктерге Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз осындай жетістіктерге жеткізді.

Демократиялық күш болып жұмылған Өскемендегі облыстық коалиция да ел көлеміндегі талқылаудан қалыс қалмады. Олардың сөзінше, еліміздің бас қаласына мемлекетті құрған тұлғаның есімі берілуі орынды шешім.  

Олег ЧЕРНЫШОВ, ШҚО МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Кейбір посткеңестік елдердегі келеңсіз оқиғалар бізде болған жоқ. Барлық мәселе бейбіт түрде, қантөгіссіз шешілді. Мұның бәрі асқан мәмілегерлігін танытқан Елбасының арқасы деп білемін. Сондықтан, елімізде болып жатқан оңды өзгерістерді қолдаймын. Ал бұл атау кейін еліміздің брендіне айналады.

Жиынға қатысушылардың көбісі кезінде Елбасымен бірге еңбек еткендерін мақтаныш етеді. Тіпті, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға да белсене ат салысыпты. Ұлт көшбасшысының саясатын қолдап, көпұлтты мемлекеттің қазақстандық үлгісін әлемдік деңгейде ту ету арқылы еліміздің беделін асқақтата аламыз, дейді делегаттар. 

Е. Карин