Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тобыл өңірінде тұрмыстық қалдықтардың 9 пайызы сұрыпталып өңделеді

AstanaTV
29.03.2019ж. 20:00
4210
Тобыл өңірінде тұрмыстық қалдықтардың 9 пайызы сұрыпталып өңделеді

Тұрмыстық қалдық-табыс көзі. Тобыл өңіріндегі орта бизнес өкілдері қоқысты өңдеп, қомақты пайда тауып отыр. Облыс бойынша 15 кәсіпорын сұрыпталған қалдықты кәдеге жаратуда. Мамандар аймақ полигондарына төгілетін күл-қоқыстың көлемі 40 пайызға азайғанын айтады. Қатты қалдық қанша кіріс әкеледі? Заңғар Санай сабақтайды. 

Қостанай облысында қоқыс сұрыптайтын он беске жуық кәсіпорын бар. Солардың бірі «Атамекен 4+». Шағын станцияда қазір 50 адам жұмыс істейді. Екі жылдың ішінде аймақ аумағындағы контейнер санын мың бес жүзге жеткізген. Тұрмыстық қалдық мол кірістің көзі,-дейді директор.  

Максим КЛЕМЕНТЬЕВ, «АТАМЕКЕН 4+» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Тұрмыстық қалдықтан ақша табуға болады және табу керек.Мен қанша пайда түсіретінімді айтпаймын әрине,бірақ бұл өте табысты бизнес.

2 жыл бұрын қайталама шикізаттың 80 пайызы Ресейге жіберілсе, қазір оны отандық кәсіпорындар қабылдауға қауқарлы. Пластикті Петропавл, қағаз картонды Лисаковтағы кәсіпкер қайта өңдеп жатыр. Әйнек қалдықтары ғана Челябіге тиеледі екен. 

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: 

Кәсіпорын аумағына тәулігіне 180 текше метр тұрмыстық қалдық жиналады. Бұл шамамен 5 тонна. Күн сайын қала полигондарына жөнелтілетін күл-қоқыстың 40 пайызы осы жерде сұрыпталады.

Облыста 294 полигон мен алаң бар. Сексен пайызы жекеменшік. Жыл сайын онда 300 мың тонна тұрмыстық қалдық төгіледі. Экологтар енді рұқсатсыз төгілетін күл-қоқыс үйінділерімен күрес жүргізе бастағанын айтады.  

Сергей МҰҚАШЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ: 

Геопорталдың дерегіне сәйкес облыс аумағында 350 -ге жуық рұқсатсыз төгілген қоқыс үйіндісі бар.Біз олардың жатқан жерін анықтап акт толтырдық. Жергілікті атқарушы билік өкілдеріне хат жолдадық.Қазір соның тең жартысы жойылды.

Эколог мамандар қоқыс алаңдарына тек тағам қалдықтары төгілуі керек дейді.Қалғаны қайталама шикізатқа айналуы тиіс.Қаңтарда қабылданған экологиялық кодекс полигонға пластик, полиэтилен, әйнек пен қағаз картон қабылдауға тыйым салады. Бұл шектеу тұрмыстық қалдықты басқаруға басымдық бермек. 

З. Санай