Әлеуметтік көмек, баспана, жұмысқа тұру мәселелелерін «Nur Оtan» арқылы шешуге болады. Қазір партияның қоғамдық қабылдаулары «Бірыңғай әлеуметтік терезе» форматына көшкен. Бүгін аз қамтылған және көп балалы отбасылар партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қабылдауында болды. Проблемаларын айтып, шешімін тауып қайтты.
Партияның республикалық қоғамдық қабылдауына төрт баланың әкесі Дархан Біләлов жұмыс іздеп келді. Заңгер мамандығы бойынша білім алған ол жұмыспен қамту орталығы арқылы екі айдан бері әлеуметтік қызметкер болып істейді. Тапқан-таянғаны бір үйді асырауға жетпейді. Мәулен Әшімбаев «Халыққа көмек» партиялық бағдарламасын іске асыруға халықты түсінетін қызметкер керек екенін айтып, жұмысқа қабылдады.
Дархан БІЛӘЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Нұр-Отан партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне «Халыққа көмек» бағдарламасының аясында жұмысқа орналастым. Өзім осында екі ай тағылымдамадан өткем. Жаңа Мәулен Сағатханұлының қабылдауында болдым, осындай шешім шығарды. Қуаныштымын.
Партия төрағасының бірінші орынбасары онлайн режімінде өңір тұрғындарын да қабылдады. Алматы облысынан сегіз бала тәрбиелеп отырған жесір ана байланысқа шықты. Бос тұрған жерге үй салып беруді сұрады. Учаскесі өзінікі. Осы жазда онда құрылыс жұмыстары басталатын болды. Қажет материалдарды кәсіпкерлер алып бермек. Партияның «Бақытты отбасы» бағдарламасы осындай аналарға қарайласу үшін Елбасының тапсырмасымен басталған еді.
Гауһар ШАЛҒЫНБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
8 баланың анасы, жалғыз басты анамын. Осы сегіз баланы тәрбиелеп, өзім жалғыз өсіріп келе жатырмын. Үй салып берсе деген көмек сұрап келгемін. Сол кісі көмектесетін болды. Қарасатын болды. Көп-көп рақмет айтамын.
Жомарт азаматтар қоғамдық қабылдау қызметтері арқылы көмекке мұқтаж адамдар туралы ақпарат ала алады. Нұротандықтар мемлекеттік органдармен де тығыз жұмыс істейді. Осылайша аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеп, жалдамалы тұрғын үйге кезекке тұруға көмектесіп келеді.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз халыққа шын көмектескіміз келеді. «Халыққа көмек» партиялық бағдарламасы бұл істі жүйелендіреді. Жәрдем сұрап келгендерге жедел түрде жауап қатуымыз керек.
Мәулен Әшімбаев «Халыққа көмектің» әлеуметтік желілердегі жылдам әрекет ету жүйесін де тексеріп көрді. Қоғамдық қабылдауға баламалы осы әдіс арқылы халықтың көп бөлігін қамтуға болады.
Д. Қайыртай