$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан даму банкінің кредиттік қоржыны соңғы төрт жылда 4,5 есеге өскен

AstanaTV
11.04.2019ж. 20:00
2777
Қазақстан даму банкінің кредиттік қоржыны соңғы төрт жылда 4,5 есеге өскен

Қазақстан даму банкінің кредиттік қоржыны- соңғы төрт жылда 4,5 есеге өскен. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы былтыр 443 млдр теңгеге 30 ірі жобаны қаржыландырды. Мұндай жоғары көрсеткіштерге банк индустриалдық бағдарлама бойынша жүргізген инвестициялық саясаттың арқасында қол жеткізген. Тілші жалғастырады.

Қазақстан даму банкі былтырдың өзінде бірқатар ірі жобаларға жан бітіріп үлгерген. Олардың қатарына Шымкенттегі көлік-логистикалық орталығы, Ақмоладағы бройлер тауықтарын өсіретін фабрика, Екібастұздағы темір жол дөңгелектерін шығаратын заводты жатқызуға болады. Мұнан да басқа банк шапағатын көрген өндіріс орындары қаншама.

Болат ЖӘМІШЕВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Біздің ұзақ мерзімді несиелер портфелімізге қарасаңыз, өңдеуші өнеркәсіпке бір жылда берілген қарыздар көлемі елдегі банк секторының барлық көрсеткішіне тең болып шығады. Бұл банк күшейіп кетті деген сөз емес. Тек соңғы жылдары банк секторы корпоративтік тұтынушыларды экономиканың осындай маңызды салаларында қаржыландыруды азайтып жіберген. Сондықтан да, индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеп тұр.

Қазақстанның даму банкі 2001 жылы құрылып еді. Мақсат - экономиканың инфрақұрылымдық және шикізаттық емес секторын дамыту болған. Бүгінде ол 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасындағы негізгі оператор. Қазіргі дейін 20 ірі инвестициялық жобаға 340 млдр теңге несие беріп үлгерді.

Сандуғаш КЕНЖЕБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

2018 жылы Қостанайдағы темір арматура заводы пайдалануға берілді. 2015 жылы Атыраудағы хош иісті көмірсутегін өндіретін мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың алғашқы кезеңі аяқталды. Ал, 2016 жылы Ақтөбе қаласында рельс-арқалық зауыты іске қосылды. Оның өндіріс қуаты - 430 мың тонна.

Осындай белсенді несие саясаты банктің кредиттік қоржынын 1,7 трлн-ға толтырып, 8,7 пайызға өсірді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша таза түсім - 3,2 млрдты құраған. Кредиттік портфельдің сапасы бірқалыпты, қайтарымсыз шығын 4 пайыздан асқан жоқ. Жұмыс істемейтін қарыздар көрсеткіші өткен жылы 0,5 пайыз болған.

Дмитрий БАБИЧЕВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз біріншіден соңғы бірнеше жылда беріп келе жатқан несие көлемін түсірмеуіміз керек. Ол шамамен 425 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса кредиттік портфолиомызды жалпы активтерде 72 пайызға жеткізуді мақсат етіп қойдық. Несие қоржынының сапасы да жоғалмау керек. Ал, биыл өзімізге мемлекеттік емес компанияларға берілетін несие көлемін 55 пайыздан асырамыз деген меже қойдық.

Банк биыл тағы 11 отандық компанияны қаржыландырмақ. Одан бөлек 46 жоба қарауда жатыр.

А. Сейфулла