Негізгі / Жаңалықтар / Кезектен тыс Президенттік сайлауға Үкімет резервінен 9 жарым млрд теңге бөлінеді

Кезектен тыс Президенттік сайлауға Үкімет резервінен 9 жарым млрд теңге бөлінеді

Кезектен тыс президенттік сайлауға Үкімет резервінен 9 жарым млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет қаулысының жобасында айтылған. Қаражаттың 0,6 пайызы шетелде науқан өткізетін Сыртқы істер министрлігіне бөлінсе, қалғаны елімізде өтетін сайлауға жұмсалады. Десе де жоба сәуірдің 29-на дейін өтетін қоғамдық талқылауға түседі. Айта кетсек, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 12 млрд теңге бөлуді сұратқан еді. Бірақ оны Қаржы министрлігі қысқартқан болатын. Бұл шешіммен Орталық сайлау комиссиясы толық келісіп отыр. Ал 2015 жылы өткен Президенттік сайлауға бюджеттен 5 млрд теңге жұмсалған болатын.  

Сәбила МҰСТАФИНА, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Қаржы министрлігі кейбір позицияларды қолдамады. Олар өңірлердің баға ұсыныстарын да жіті қарап шықты. Біз сметаны аумақтық сайлау комиссияларының бюджеттік өтінімі негізде жасадық. Ал әр өңірдің өзіндік баға саясаты мен нарықтық жағдайы бар. Біз Қаржы министрлігінің шешімімен толық келісеміз, еш қарсылығымыз жоқ. Өйткені министрлік өткен сайлау науқандарында болған шығындарды да есепке алып, осындай шешім қабылдады.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы бүгін екі қаулы қабылдады. Енді қол қою парақтарын беру мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды. Ал қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру мерзімі 10 күннен 5 күнге дейін азайтылды. Осылайша, сайлауды ұйымдастырушылар ішкі рәсімдерді өткізу мерзімдерін қысқарту есебінен сайлау процесіне қатысушылардың іс-шараларына арналған уақытты ұлғайтпақ.  

Ақылбек ИХДАНОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәлік береді. Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс, қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, саяси мемлекеттік қызметші лауазымын атқаратын тұлға бола алмайды. Сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес сенім білдірілген адамдар қол жинауды ұйымдастыру мақсатында тікелей сайлаушылар қолын жинайтын басқа да адамдарды тарта алады.

Айта кету керек, 2019 жылдың 1 қаңтарында республика сайлаушыларының жалпы саны 12 миллионға жуық адамды құрайды. Олардың 1 пайызы 118 мың 140 адам. Яғни, президенттікке кандидат осынша сайлаушының қолдауына ие болуы тиіс.

Н. Біләл