Негізгі / Жаңалықтар / Қызылорда облысының тұрғыны бөтелкеден төрт бөлмелі үй тұрғызды

Қызылорда облысының тұрғыны бөтелкеден төрт бөлмелі үй тұрғызды

Қызылорда облысының тұрғыны бөтелкеден төрт бөлмелі үй тұрғызып алды. Тұрмағамбет ауылының тумасы аса көп шығынданбапты. Қиялындағы баспанаға кәдімгі шөлмек, цемент пен құмды ғана қолданған. Алпыс екі жастағы Зәріп Мысабеков мұндай үйді қырық жыл армандағанын айтады. Шебердің айтуынша бұл баспананың беріктігі сонша жылдар бойы қалпын бұзбайды.

Төрт бөлмелі мына үйді тұрғызуға Зәріп шеберге жарты жылдай уақыт қажет болған. 40 мың дана бөтелке кетіпті. Ыждағаттылық пен дәлдікті қажет ететін бейнеті зая кетпегеніне қуанады. Сырт көзге нәзік көрінгенмен қыстың ызғары мен жаздағы аптап ыстыққа төтеп берді деп отыр.

Зәріп МЫСАБЕКОВ, ШЕБЕР:

Қыста жылы. Термос қой бұл кәдімгі. Төзімділігі - мықты. Бұның сыртына ремонттың керегі жоқ. Енді бояймын десен бояй бересің ғой. Ал бірақ шыдамды енді. Төбесі негізі плитаны да көтереді. Өйткені мықты, бөтелке мықты. Бұл вечный кетеді, біреу итеріп тастамаса, бұл тозбайды ғой, тұра береді.

Айдана ҰЛАНБЕК, ШЕБЕРДІҢ НЕМЕРЕСІ:

Бұл атамның маған салып берген ханшайым сарайы, бұл маған ұнайды. Класстастарым менің үйіме қонаққа келіп, кетеді. Бәрі қызығады. Негізі менің атамның қолы-алтын. Ол бәрін жасай алады.

Шебер алдымен бос шөлмектерден шағын монша салған. Ерекше құрылыс материалының беріктігіне алдымен осылай көз жеткізген. Қазір ауылдастардың сұранысына ие.

Мардан ДӘУЛЕТБАЕВ, ТҰРМАҒАМБЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұған деген қаншама төзімділік керек. Бір қарағанда нәзік нәрсе ғой, әркімнің қолынан келе бермейді бұл.

Ауылда бос жатқан бөтелке кезіктірмейсің қазір. Мектеп оқушылары да шөлмек көрсе қапқа салып жиып жүретін болыпты. Олар шеберден тәлім алуды армандайды.

Ерқанат НҰРЛАН:

Біз бұрынғыдай бөтелкелерді сындырмаймыз, жинап атаға әкеліп береміз. Көшеміз де таза болады.

Зәріп шебердің құрылыстағы тәсілі ауылда трендте деп айтсақ артық емес. Үнемді құрылыс материалына жергілікті тұрғындардың қызығушылығы артқан. Мәселен, жеке кәсіпкер Серікбай Оразымбетов жаңа дүкенінің қабырғасын кірпіштің орнына арзан әрі қолжетімді бөтелкемен өретін ойы бар.

Серікбай ОРАЗЫМБЕТОВ, КӘСІПКЕР:

Кәсіпкер болғандықтан осыны зерттеп, арзан құрылыс материалы болғаннан кейін бұның барлық жерге пайдасы көп екен. Сол үшін де бөтелкелерді жинап жатырмын. Мына жерге магазин салсам ба деген ойым бар.

Ал ауыл шебері келешекте немерелеріне арнап жылыжай салуды ойластырып отыр. Оған қажетті түсі әдемі, әрі мықты бөтелкелерді жинауға кірісіп те кеткен.

А. Төребекқызы