$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Теміртауда қолжазба және көне кітаптар көрмесі өтті

AstanaTV
15.04.2019ж. 20:00
5928
Теміртауда қолжазба және көне кітаптар көрмесі өтті

Теміртауда осыдан екі ғасыр бұрын шығарылған Құран кітап тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылды. Жәдігерді діндар әулеттің өкілдері тапсырған. Тарихи-өлкетану мұражайында өткен көне кітаптар көрмесінде бұдан басқа да ерекше туындылар, тіпті, тұңғыш қолжазба оқулықтар да кездесті. Кітаптар тарихымен тілшіміз Айжан Қуаш танысып қайтты.  

Бұл «Құранды» Қарағанды өңіріндегі ең ескі кітап деуге болады. Осыдан 2 ғасыр бұрын шығарылған араб тіліндегі жәдігерді діндар әулеттің ұрпақтары мұражайға тапсырған. Қызметкерлердің айтуынша, талай зұлмат замандарда да адамдар өз сенімдеріне берік болғандықтан кітапты көздерінің қарашығындай сақтап келген. 

Татьяна ХМЕЛЕВА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Бұл кітап әкеден балаға құпия тапсырылып отырған. Сөйтіп бірнеше ұрпаққа жеткен. Ол кезде дінге сенетін адамдар қудаланды, тіпті Кеңес Одағының кезінде үлкен алаңдарда оркестор музыка ойнап, осы әуен біткенше қаншама оқулықтар өртелетін болған. Ал сеніміне берік адамдар ғана қасиетті дүиелерін жасырын сақтай алды. 

Ал мынау 1935 жылы латын әліпбиінде Қызылорда қаласында шығарылған алғашқы оқулықтардың бірі. Жоғары математика курсы деп аталады. Осы кезеңде қазақ тілі латын әліпбиінде жазылыпты. Бұл процесс 1928- ден 1940 жылдарға дейін жалғасыпты. Жалпы Кеңестік дәуірде сауатсыздықпен жаппай күрес басталады. Қазақ даласына қоныс аударғандар мен оставкадағы әскерилер педагогикалық тәжірибеге араласқан. Мәселен, 1908 жылдары қаржы тапшылығына байланысты қолжазба оқулықтар пайда болды. Мұғалімдер ауыл мектептерінде қолмен кітап жазып, оның көшірмесін жасап таратты.  

Аружан ОРМАНБАЕВА, КӨРЕРМЕН: 

Копиялаудың өзі, басқа оқушыларға жеткізудің өзі өте қиын болған екен. Қазіргі 21 ғасырда бізге ол өте оңай. Мысалы, телефон арқылы оқи аламыз. Міне қазіргі кітаптарды көріп, қанша термен, еңбекпен келетінін көріп бұл көрмеден кейін кітап сатып алып оқып көремін.  

Көрермендерді Михаил Булгаковтың мистикалық «Мастер мен Маргарита» романының қолдан жасалған бірден- бір көшірмесі де таң қалдырды. Кезінде тыйым салынған туындының Мәскеу журналына жарияланған үзінділерін теміртаулық ақын 2 жыл бойы түптеп жинапты. Ал 1960 жылдары танымал көркем әдебиет тапшылығы туындаған. Кітапқұмаралар 20 келі ескі газет-қағаздар тапсырып, орнына бір кітап алған. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, қазір адамдар кітап оқымайды да, бағаламайды. Сондықтан мұражайға тапсырған дүниелерінің құнды жәдігер екенін мамандардан ғана біледі екен. 

А. Қуаш