Қарағанды облысында ұшақтың құлауына адами фактор, техникалық ақау және ауа райы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Индустриалды инновациялық даму министрлігі мәлімдеді.
Руслан ИМАНҚҰЛОВ, ҚР ИИДМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазіргі таңда комиссия негізгі болжамдарды қарастырып жатыр. Яғни, атап айтқанда адами фактор, техникалық ақау және ауа райы жағдайы. Қазіргі уақытта барлық жедел тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Еске салсақ, кеше Қарағанды маңындағы Үштөбе ауылы маңында жеңіл моторлы ұшақ құлады. Екі адам қайтыс болды. Олар тәжірибелі нұсқаушы ұшқыш Юрий Артемов пен тыңдаушы Мереке Әукешовтер. Ұшақ «Балапан» авиациялық оқу орталығына тиесілі. Ресми мәліметке сүйенсек, курсант бүгінге дейін 30 сағатқа жуық тәжірибеден өткен. Әрі әуе көлігі де ескірмеген, 6 жыл бұрын Польшадан алыныпты. Осы кезге дейін 1100 сағат ұшқан. Дегенмен, экипаж құрамы әуеге көтерілген бете небәрі 9 минуттан соң шұғыл төмен құлдилайды. Диспетчер әуе кемесімен байланысты жоғалтқан.
А. Қуаш