Илья Ильин Азия чемпионатында жүлдесіз қалды. Қытайда өтіп жатқан додада 96 келіде сынға түскен спортшы қос сайыс қорытындысы бойынша 345 келіні көтеріп, құрлықта бесінші орын алды. Ол жұлқа көтеруде 160, серпе көтеруде 185 келіні еңсерген. Бұл 30 жастағы қазақстандық ауыр атлеттің допинг дауынан кейінгі алғашқы жарысы. Ол Пекин және Лондон олимпиадаларында допинг қолданды деп айыпталып, 2 жылға спорттан шеттетілген еді. Әзірге, Азия чемпионатында отандық ауыр атлеттер еншісінде екі қола медаль бар. 55 келідегі Арли Чонтей мен 81 келідегі Денис Уланов Азияда үздіктер қатарында. Ал бұдан бұрын Илья Ильин Азия біріншілігінде алтын алуға тырысып, рекорд жаңартпайтының айтқан болатын.
Илья ИЛЬИН:
Әрине, кез-келген жарыста бірінші болуға тырысқаным рас. Бірақ қазір маған алдағы Олимпиада ойындарына қатысуды ойлау керек. Сондықтан бұл біріншілікті қатысушы ретінде қажетті ұпай санын иеленсем болғаны. Рекорд жаңартуды да осы жарыстан күтпей-ақ қойғандарыңыз абзал.
Н. Біләл