$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл ауылдарды көркейтуге бюджеттен 30 млрд теңге бөлінеді

AstanaTV
29.04.2019ж. 20:00
4335
Биыл ауылдарды көркейтуге бюджеттен 30 млрд теңге бөлінеді

Биыл ауылдарды көркейтуге бюджеттен 30 млрд теңге бөлінеді. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясындағы қаржы 52 аудан орталығына үлестіріледі. Нәтижесінде ауыл адамдарының 80 пайызы тұратын елді мекендердегі ғимараттар жөнделеді, жаңа нысандар салынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек баяндады. Осы жылы қаржы әзірге нақты 52 ауылға жетпек. Премьер-министр Асқар Мамин ауылдарды гүлдендіруге әсіресе, меценаттарды, кәсіпкерлерді көбірек тартуға тапсырма берді. Ал 2021 жылға дейін «Nur Otan» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл-ел бесігі» жобасына бөлінетін қаржы көлемі 90 млрд теңгеге жетеді.  

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жылдың соңына дейін біз әрбір ауыл бойынша зерттеу өткіземіз. Сосын айтамыз, қай ауылға қанша қаражат осы келе жатқан үш жылдықта, бес жылдықта баратынын.

-Бөлінбейтін ауылдар бар ма?

-Ондай ауылдар бар ма, жоқ па айта алмаймын, бірақ мына бағдарлама бойынша 2000-ға таман ауылға қаражат барады бес жылдың ішінде.

Ал ауыл-аймақтардан келіп оқитын студенттер үшін жатақхана тапшылығы жойылмай отыр. Елорданың өзінде студенттерге 17 мың орын жетіспейді. Сондықтан құрылыс жұмысына 16 жер телімі бөлінген. Жыл соңына дейін Нәрікбаев атындағы заң университеті мен Басқару колледжінде жаңа жатақханалар ашылады. Еуразия ұлттық университеті үшін тағы бір студенттер үйінің құрылысы басталады. Ал Премьер-министр мемлекеттік жоғары оқу орындарына арналған жатақхана құрылысы жобаларының бағасы қымбат деп отыр.  

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жұмысты бастағандар негізінен жекеменшік оқу орындары. Олардың жобаларының құны нақты. Ал мемлекеттік оқу орындары жобалары құны айтарлықтай жоғары. Сондықтан инвесторлар үшін, олардың тартымдылығы үшін төмен. Бұл ретте жатақхана құрылысына бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейтінін ескертемін.

Елбасының тапсырмасы бойынша 2022 жылға дейін 75000 орынды қамтитын жатақханалар салынуы тиіс. Үкімет басшысы бұл жұмыс Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе облыстарында баяу жүріп жатқанын айтты. 

А. Сейфулла