Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Алматыда люк қақпағы қоғамдық көліктің еденін тесіп, жолаушы аяғын сындырды

AstanaTV
02.05.2019ж. 20:00
3837
Алматыда люк қақпағы қоғамдық көліктің еденін тесіп, жолаушы аяғын сындырды

Алматыда тағы да люк дауы. Бұл жолы жол бойындағы су ағардың қақпағы автобустың еденін тесіп өтіп, жолаушының аяғын сындырды. Қазір оқиғаның мән-жайын полиция анықтауға кіріскен. Тілші тарқатып айтады.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

«Думан» шағын ауданы мен №12 қалалық аурухананың арасына қатынайтын автобус «Шығыс айналма жолы» аялдамасынан шыққан соң 50 метр жүргенде, апатқа тап болады. Жолдың жиегіне жағалай төселген шойын қақапақтар көліктің салмағына шыдамай, жан-жаққа ұшқан.  

Люк қақпақтарын шашылып жатқанын мына кадрларден байқауға болады. Ал, су ағатын арықтың беті бірнеше жерден ашылып қалған. Құлжа және Талғар бағыты бойынша қалаға күніне он мыңдаған автокөлік осы жолмен қатынайды.   

Мереке СҰРАНШИЕВА, НАУҚАС:

Развилкадан өткен соң бір тарс еткен дауыс естідім. Авария болған шығар деп ойладым. Басында ауырсынуды сезінбеген соң, мән берген жоқпын. Жан-жағыма қарасам, адамдар қаша бастады. Ішінен антифриз шашырай бастады, мен жүрейін десем, аяғымның тізерлеп отырып қалғанымды сол кезде сездім.  

Телман ЕЛБОЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Бізге сағат 7-35-те жедел жәрдеммен жеткізілді. Диагнозы: науқастың сол жақ балтыр сүйегі ығысып сынуы. Науқас қазір оперативтік емге дайындалуда, жалпы жағдайы орташа ауырлықта.

Бағыттық автобус биыл ақпан айында сатып алынған. Автопарк Қытайда жасалған көліктің құны 45 млн. теңге тұратынын айтады. Қоғамдық көлікті жиырма бес жылдық тәжірибесі бар жүргізуші басқарған. Автобус иелері ауруханада жатқан қызға өтемақы төлемек. Ал, бүлінген автобустың құнын тәуелсіз сараптамадан соң коммуналдық мекмелерден өндірмек.    

Асылбек МҰХАМБЕТӘЛИЕВ, «GREEN BUS» АВТОБУС ПАРКІНІҢ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:  

Бұл коммуналдық қызметтің кінәсі. Себебі, оған адамдар түсіп кетіп, жатыр, адам да қайтыс болып жатыр. Олар қараусыз қазір. Біз енді коммуналдық қызметті сотқа беріп, автобустың тұрған уақытын және өзге де шығындарын солардан өндіріп аламыз деп ойлаймыз.

Нұрзат ОРДАБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ МОБИЛДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:  

Барлық люктер мен арықтардың бетін жапқан темір торлар әртүрлі мекемелерге қарайды. Мысалы, телекомуникациялық, су шаруашылығы, электр желісі кәсіпорындары иелік етеді. Бірақ аудандық әкімдіктер оның сапасына жауапты. Бүгінгі люктің не себепті сынғанын сараптама көрсетеді. Сосын өтемақы жағын қарастырамыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:  

Алматыда дәл осыған ұқсас жағдай 2017 жылы маусым айында болған еді. Әл-Фараби даңғылының бойында суағардың қақпағын көлігімен сындырып кеткен Екатерина Парафиева екі аяғынан айырылған еді. Ол кезде сот оқиғаға коммуналдық қызмет өкілдерін емес автобус жүргізушісі кінәлі деп шешкен болатын.

Р. Асқарбекұлы