Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ресейдің Тергеу комитеті 41 адамның өмірін жалмаған ұшақ апаты себептерін жариялады

AstanaTV
06.05.2019ж. 20:00
5227
Ресейдің Тергеу комитеті 41 адамның өмірін жалмаған ұшақ апаты себептерін жариялады

Ресейде Тергеу комитеті 41 адамның өмірін жалмаған ұшақ апаты себептерін жариялады. Ол - ұшқыштар мен диспетчерлердің біліксіздігі, техникалық ақау мен жайсыз күн райы. Екі «қара жәшік» табылды. Қазір оны Мемлекетаралық авиация комитеті зерттеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентіне көңіл айту жедел хатын да жолдады.  

Мына кадрлардан ұшақтың жерге соғылып барып, жалындап жана бастағанын көруге болады. Шасси шыдас бермей, жанармай шаны жарылды деп түсіндірді кейін. Содан болып ұшақтың артқы жағы лезде отқа оранған. Сол сәттегі салон ішін кей жолаушылар камераға түсіріп те үлгеріпті. 

Өрт салонға жете қоймаса да, байбалам байқалады. Оларды сабырға шақырғандардың да даусы естіледі. Бұл кезде ұшақ сағатына 300 км жылдамдықпен келе жатқан. Рейс Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған болатын. Алайда көкке көтерілгеннен жарты сағат өте бере экипаж ұшақты қайта жерге қондыруға мәжбүр болады. Ұшып келе жатқанда электр желілері істемен шыққан. Бортта 73 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі отырған. 

Елена МАРКОВСКАЯ, РФ ТЕРГЕУ КОМИТЕТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ: 

Бортта 73 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Қазір 28 жолаушы әуежай терминалында, олармен психологтар, тергеушілер жұмыс істеп жатыр. 5 адам ауруханаға жеткізілді. Барлық 78 жолаушыдан тек 37 адам аман қалды.

Экипаждың құрамындағы қаза тапқаны - жолсерік Максим Моисеев. Бар болғаны 22 жаста еді. Ол соңғы сәтке дейін ұшақтың өрт шыққан артқы жағынан адамдарды құтқарумен болған. Сөйтіп, өзі түтінге тұншығып өлді. Ұшақ санаулы-ақ минуттарда түгелдей жанып кетті. 

Евгений ДИТРИХ, РФ КӨЛІК МИНИСТРІ: 

Генетикалық сараптама жасаймыз. Бар мағлұматты жедел байланыс нөмірі арқылы алуға болады. Туысқандарымен мемлекеттік комиссия мен дағдарыс орталығы жұмыс істеп жатыр.

Негізінен «Sukhoi SuperJet» 100 күрделі ұшақ. Жиі ақау шығып жататын. Ресейде жыл басынан бері «Сухой Суперджеттер» 3 техникалық проблемаға тап болған. Ал былтыр 5 кемшілік шықты. Лайнер 2008 жылдан бері Ресейде құрыстырылып келеді. Ал біздің елде мұндай үлгідегі ұшақтар пайдаланылмайды деді бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. Роман Скляр «ондай бір лайнер жеке компанияның қолданысында ғана, ал тұрақты әуебағдары жоқ» деп ойын нақтылады. 

Роман СКЛЯР, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: 

Бұл жағдай - авиация саласында барлық талаптарды сақтау керектігін тағы бір дәлелдегендей. Ең бастысы - қауіпсіздік. Регламент бойынша әрбір әуе кемесі тексерілуі керек. Оны өндіруші-зауыт, әуе компаниясы және Азаматтық авиация комитетінің инспекторы жүргізуге тиіс. Бұл нормалар бізде қатаң сақталған.

Ресейдің Тергеу комитеті жариялаған мәлімет бойынша, әуе апатына ұшқыштар мен диспетчерлердің біліксіздігі, техникалық ақау мен жайсыз күн райы себеп болған. Мурманск облысы үш күн аза тұтпақ. Қауіпсіздік және әуе көлігін пайдалану ережелері сақталмағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Опат болғандардың ішінде 2 бала бар.  

Д. Қайыртай