Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтауда бүгін көше тазалаушылар жұмысқа шықпай қойды

AstanaTV
14.05.2019ж. 20:00
4713
Ақтауда бүгін көше тазалаушылар жұмысқа шықпай қойды

Ақтауда көше тазалығына жауапты 400-ден астам жұмысшы бүгін жұмысқа шықпай қойды. Олар жалақының кешігіп жатқанына алаңдаулы. «Қала жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ақша жоқ деді. Толығырақ келесі репортажда.  

Жүздеген жұмысшы бүгін таңертең «Қала жолдары» коммуналдық кәсіпорнының алдына жиналды. Олар тағы да жалақыларын даулап келіпті. Айтуларынша компания басшылығы жалақыны кешіктіруді әдетке айналдырыпты. 

Айнаш ЕДЕЛБАЕВА, «ҚАЛА ЖОЛДАРЫ» МКК ЖҰМЫСШЫСЫ: 

Мен сыпырушымын. Біз ақшаны уақытында алмаймыз. Осы ноябрьден бері айқайдың күшімен келе жатырмыз, айлық алып келе жатырмыз. Енді бастық айлықты 18-де береміз дейді. Тендер ойнап жатырмыз дейді. Ол қандай тендер? Бітпейтін тендер ма ол? Қай уақытта бітеді?

Наурызбай ТИТЕРБАЕВ, «ҚАЛА ЖОЛДАРЫ» МКК ЖҰМЫСШЫСЫ: 

Мен үш жылдан бері істеп келе жатырмын. Осы үшінші жылы басшылық ауысып, айлық уақытымен берілмейтін болды. 10-20 күнге дейін кешігеді. Ал біздің басымызда несие бар. Пәтер жалдап тұратындар бар. Оны уақытымен төлемесең қиын.

Кәсіпорын басшысы бұл компанияны өткен жылдың соңында 421 млн теңге қарызымен алғанын айтты. Берешектен құтылу үшін оңтайландыру шараларын жүргізіпті. Сөйтіп кәсіпорынның жартысына жуық қарызын жапқан.   

Қайрат ХАЙРУШЕВ, «ҚАЛА ЖОЛДАРЫ» МКК ДИРЕКТОРЫ: 

2018 жылы зарплат уақытысында беріліп отырды. Біз жолын таптық, оңтайландырдық, қысқарттық, но жалақы бердік. Март, апрель, май айларының Үкіметтен ақшасын алған жоқпыз. Басқа көздерін қарап, марттың ақшасын бердік. Бүгінгі таңда апрельдің 10-ы күні бұл кісілер айлығын алу керек еді кешігіп жатыр.

Мекеме сәуірдің айлығына ақша таппаған. Кәсіпорын қарайтын қала әкімдігінің өзі коммуналдық қызмет ақысын бермепті.  

Жангелді ӘУБӘКІРОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазір «Қала жолдары»-на 2 жарым ай үшін кредиторлық қарызымыз бар. Расында да сәуір айында ақша берген жоқпыз. Себебі, қазір жанар- жағармай қымбаттады, адамдар салықты кешеуілдетіп төлейді. Біз осыны адамдарға түсіндірдік, бірақ олар бізді түсінгілері келмейді. Жалақылары бір- ақ айға кешігіп қалды. Ақша түсе салысымен айлықтарын да, зейнетақы қорларына жинақ ақшаларын да толық төлейміз.

Қысқасы, бюджет салықтың көлеміне тәуелді. Сәуір айында қала қоржынына небәрі 8 млн теңге салық төленген. Бұл жеткіліксіз дейді атқамінер. Ал, жұмыскерлер болса, жалақы дауы шешілмейінше аула тазаламаймыз, - деп отыр.   

А. Қуаш