Негізгі / Жаңалықтар / 40-қа жуық мектеп қоштасу кешінен бас тартты

40-қа жуық мектеп қоштасу кешінен бас тартты

Елорда мен Алматыда 40-қа жуық мектеп малынған қоштасу кешінен бас тартты. «Астана - адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов биыл бірқатар түлектердің ұлан-асыр той өткізбейтінін айтты. Тіпті осы мақсатта «Жас Ұлан» ұйымы арнайы челлендж бастаған. Олардың кештері салтанат сарайында емес, мектеп асханасында өтпек.  

Қоштасу кешінен бас тартқан түлектер көпбалалы отбасыларға көмектеспек. Мәселен, Алматыдағы мектептердің бірі қомақты қаражатты ауру баланың еміне беретін болды. Олар қымбат лимузин жалдап, бағалы көйлектер алмайды. Сөйтіп еселеп кеткен шығынды есті әрекетке жұмсайды. Ал ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Гүлнар Омарова келер жылы жастар салтанатты кештерден мүлде бас тартады деген үмітте.  

Гүлнар ОМАРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ АТА-АНАЛАР ҚОҒАМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Шектеу болсын, сол көйлекті мектептің ішінде кисін. Міндетті түрде тойханада емес. Сондықтан тойханаларға тапсырыс беріп жатқан мектептер олар биыл ғана өткізеді. Бірақ келесі жылдары өздері мектеп ішінде өткізеді деп ойлаймын.

Мәслихат депутаттары да қалтаға салмақ салмай-ақ салтанат құруға болады, дейді. Мирас Шекенов ұлының бітіру кешін мектеп асханасында жасап, қып-қызыл ақшаны үнімдеп қалған. Қазір осы үрдісті «Жас Ұлан» ұйымы жалғастырып жатыр.  

Мирас ШЕКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:  

5 жыл бұрын менің ұлым №27 мектепті аяқтады. Бітіру кешін мектеп асханасында өткіздік. Ұлыммен бірге оған 100 мың теңгеге емес, 25-30 мыңның көлемінде костюм сатып алдық. Қоштасу кештерінде көшеде қаз-қатар кетіп бара жатқан қымбат аппақ лексустарды, балалармен қосылып, ата-аналардың аста-төк дастархан жайып, асыр салып жүргенін көргенде мұның бәрін ысырапшылдық дер едім.

Жемқорлыққа қарсы агенттік мамандары елордадағы бітіру кештеріне былтыр 360 млн теңге жиналғанын айтты. Бірақ ата-аналардан қаражатқа қатысты шағымдар әлі де көптеп түседі.   

Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА, ҚР МҚІСЖҚІА НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ: 

Бюджет бар жақты қаралғанымен де көп жағдайда мынау мектептің, колледж, балабақша басшылары ол жөнінде ата-аналарға ашық түрде айта қоймайды. Бір мектептің директоры мен балабақша меңгерушісі өтірік жалған құжаттар арқылы қаражатты қалтасына басып алған. Сот отырыстары болды. Олар тиісті жазасын алды.

Мектептегі жемқорлыққа қатысты ата-аналар интерактивтік бақылау картасына шағым түсіре алады. Бірақ кейбірі бала болашағына алаңдап, ашып айтпайтын көрінеді. 

А. Бектас


https://youtu.be/JVqYJm2yJ50