Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қостанайда трактор өндірісі іске қосылды

AstanaTV
20.05.2019ж. 20:00
4195
Қостанайда трактор өндірісі іске қосылды

Трактордың тетігін отандық мамандар құрап тұр. Қостанайда жаңа өндіріс іске қосылды. Астықты өлкеде «Lovol» маркалы тракторлар шығарыла бастады. Алғашқы конвейерден шыққан 100 шақты техниканың басым бөлігі бірден сатылып кеткен. Сұранысқа ие су жаңа трактордың құны екі жарым миллион теңгеден басталады. 

Қостанайда құрастырылған трактор республикалық сертификаттау орталығынан сынақтан өтіп, тиісті сәйкестендіру құжаттарын алған. Ауыл шаруашылығына таптыртпайтын техниканың алғашқы легін Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының диқандар бірден сатып алған көрінеді.

Динара ШҮКІЖАНОВА, «АГРОМАШХОЛДИНГ КZ» АҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

35 аттың күшіне тең трактордың құны екі жарым миллион теңге. Ал 130 аттың күшіне тең техника бағасы 14 миллион теңге.

«Lovol» компаниясы өз өнімдерін Қытайда ғана емес, әлемнің 50 еліне экспорттайды. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпорын базасында 4,5 мың шаршы метрлік цех іске қосылмақ. Онда жылына 3000 тракторға дейін шығарылады. Жаңа жоба 180 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Кәсіпорын өз өнімдерін ішкі нарықпен қоса, Тәжікстан, Өзбекстен, Ресей секілді көрші мемлекеттерге де экспорттауды көздеп отыр.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Челябі, Свердлов, Башқұртстан ресупбликасы, Қорған, Түмен секілді ірі облыстарға тракторларды экспорттай аламыз.

Тобыл өңіріндегі трактор өндірісіне Қытайдың жетекші компаниясында тәжірибеден өткен тоқсан маман білек сыбана кірісті. Қазіргі сәтте техника құрастыру тетігін Қытай мамандары қадағалап, жергілікті жұмысшыларға жөн сілтеп отыр.

Сун ДЭМИН, «LOVOL HEAVY INDUSTRY CО LTD» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің жоба «Бір белдеу-бір жол» бастамасы аясындағы ең маңыздылардың бірі болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан ауыл шаруашылық техникаларын құрастырудағы стратегиялық нарық болып есептеледі.

Қостанай кәсіпорыны мен «Lovol» компаниясы өзара өндірістік құрастыру жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Келешекте трактордың кейбір бөлшектері жергілікті зауытта жасалады.

З. Санай