Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыдағы «Бюджетке қатысу» жобасына аудандық әкімдіктер дайын емес - Сарапшылар

AstanaTV
21.05.2019ж. 20:00
2948
Алматыдағы «Бюджетке қатысу» жобасына аудандық әкімдіктер дайын емес - Сарапшылар

Алматыда аудандық әкімдіктер «Бюджетке қатысу» жобасына әлі де дайын емес. Сарапшылар осылай дейді. Естеріңізде болса сәуір айында қала басшысы келесі жылдан бастап аудан тұрғындары қала бюджетінен бөлінген қаражатты қай бағытқа жұмсау керегін өздері анықтайды деген болатын. Ал, осы пилоттық жобаны жүзеге асыруға халық пен жергілікті билік қаншалықты дайын? Толығырақ тілші бейнематериалында. 

«Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын жан-жақты талқылау жұмыстары Алматыда қызу жүріп жатыр. Сондай отырыстардың бірінде сарапшылар жергілікті билік өкілдері мұндай өзгеріске дайын еместігін жеткізді. Олардың сөзінше, бұл бастама ашықтықты талап етеді. Алайда, кейбір аудандық әкімдіктердің интернет сайттары әлі де болса, өткен жылдың бюджеті қайда жұмсалғанын жарияламаған.

Шолпан ӘЙТЕНОВА, «ZERTTEU» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Өкінішке орай, 100 пайыз дайын деп айтуға болмайды. Бұл шараны Байбек ұсынды. Байбек ұсынса қала әкімі. Алматы қаласы үлкен қала болғандықтан. 8 ауданнан тұрады. 8 ауданның өзінің әкімшіліктері бар. Аудандық әкімшіліктердің сайттарына кіретін болсақ, бюджеттік ашықтығын қарайтын болсақ, Бюджетті халыққа көрсетуге дайын ба, дайын емес па, десек. Өкінішке орай 100 пайыз дайындықты көріп тұрған жоқпыз.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде дауыс беру жүйесі мен жобаның қағидалары пысықталуда. Белгілісі «Open Almaty» арқылы қала тұрғындары өз ұсыныстарын, жобаларын жолдайды, олар жарияланып, көпшілік дауысқа салу арқылы үздіктері анықталады.      

Олег СЕК, «АЛМАТЫ ДАМУ ОРТАЛЫҒЫ» БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Өтініштерді қабылдау осы жылдың тамыз айынан басталады. Кейін ұсынылған жобаларға Қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, бюджеттік комиссия бағасын береді. Алматыда әр ауданға жарты миллиард теңге бөлу жоспарланған. Яғни, барлық сегіз ауданға 4 млрд теңге немесе қала бюджетінің 1%-і бөлінеді

Қоғамдық кеңес жиынында бұл бұл пилоттық жобаның айтылғанына 2 айға жуық уақыт болды. Алайда, қала халқы «Бюджетке қатысудан» әлі де хабарсыз.  

- Естімедім. Сенен естіп тұрмын. Дұрыс шаруа ол. 2-3 жылда қала өзгеріп кетті, орталық. Бәрі халық үшін істеліп жатыр. Соған қарағанда шет жақтарында көшелердің кемшілігі болар енді. Соны жөнедп, тек орталық емес, қаланың барлық жерінде жұмыс жүріп жатса,қуанамыз. Қаланың халқы болған соң.  

- Естіген жоқпын. Сәті түссе қатысамыз ғой. Қандай нысандар салу керек десе, біріншіден, барлық дворларға игровой площадка салу керек. Қазіргі уақытта ең керектісі сол деп ойлаймын.     

Мұндай үрдіс әлемнің бірнеше қалаларында тәжірибеден өтіп оң нәтижесін берген. Бұл бастама Алматыда сәтті іске асатын болса, халық пен билік арасын бір табан жақындатады. Және қала тұрғындары үшін Алматының дамуына өз үлестерін қосатын мүмкіндік.  

А. Байсеитов