$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысында айыппұл төлемеген 10 мыңдай адам қамауға алынуы мүмкін

AstanaTV
13.03.2017ж. 20:00
2435
Қарағанды облысында айыппұл төлемеген 10 мыңдай адам қамауға алынуы мүмкін

Қарағанды облысында айыппұл төлемеген 10 мыңдай адам қамалуы мүмкін. Олар негізінен жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзғандар. Өткен жылдың қорытындысына сай, 1 млрд теңгедей айыппұл төленбеген. Ал биыл екі айда ол көрсеткіш 160 млн теңгеге жеткен.

Бұл туралы әкімшілік полиция басқармасының өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, аймақта айыппұл төлеуден қашатындар саны күрт өскен. Былтыр кінәлілердің 53 пайызы ғана қарыздарынан құтылған. Қалған азаматтардың айыппұлы 50 мыңнан 400 мың теңге аралығында. Заңға бағынғысы келмегендердің ішінде қарапайым тұрғындар ғана емес, жекеменшік және мемлекеттік мекемелер де бар. Бұрын олардан ақша көбінесе сот шешімі арқылы ғана өндіріліп келген. Алайда, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-ыншы бабымен айыппұл төлеуден қашқандарды 5 күн қамауға болады,- дейді полицейлер. Қатаң жазаға былтыр 9 адам іліккен. Сақшылар жағдайдың ушығуына байланысты айыппұлды 40 күннің ішінде төлемегендерге осындай жаза қолданбақшы.

Елжас Жартыбаев, Қарағанды облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

Төлемеген адамдар көбейіп бара жатыр. Сондықтан осы 10 мыңнан астам айыппұлы бар адамдар төлемесе, осы 669-ыншы бапты қолданамыз.

Айжан ҚУАШ