Негізгі / Жаңалықтар / Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады

Елімізде жаңа мемлекеттік компаниялар құрылмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінде бұған мораторий жарияланғанын мәлімдеді. Президент экономиканың бәсекеге қабілеттілігі жеке бизнестің дамуына тәуелді екендігін ескертті. Сондықтан Үкімет 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік компанияларға рұқсат етілген барлық қызмет түрін тексеріп, артық шығынды қысқартуы тиіс. Дегенмен биыл жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бөлінген 600 миллиард теңге тиісті жеріне әлі жетпеген.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

Бөлінген қаржының игерілуі нашар. Банктер 13 миллиард теңгенің 28 жобасын ғана мақұлдаған. Бұл процесс «бетімен кетті» деуге болады. Сондықтан Үкіметке банктермен, «Атамекен» палатасымен жұмысты күшейтуді тапсырамын. Кәсіпкерлер мемлекет қолдауын сезінуі керек. 

Бүгінде Қазақстанда жасалған өнімдер әлемнің 120 еліне шығарылғанымен, қиындықтар жетеді. Шикізаттық емес экспортты қолдау үшін алдағы үш жылда тағы 500 миллиард теңге бөлінбек. Халықаралық сапа стандарттарын енгізуші кәсіпорындар жаңа нарыққа шыққан кезде мемлекет қолдауын сезінуі керек, деп пысықтады президент. Осылайша Үкіметке аз уақыт ішінде экспорттық жобалардың тізімін нақтылап, қаржыландыру тапсырылды. 

Е. Карин