Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтау тұрғыны тегін дәріге қол жеткізе алмай отыр

AstanaTV
27.05.2019ж. 20:00
2587
Ақтау тұрғыны тегін дәріге қол жеткізе алмай отыр

Ақтауда сирек кездесетін қан ауруына шалдыққан бүлдіршін тегін берілуі тиіс дәріге қол жеткізе алмай отыр. Екі жастағы науқасқа "Гидрей" деген препарат қажет. Анасының айтуынша, дәрігерлер аталған дәріні екі ай бұрын жазып берген. Алайда, ол дәрі елде жоқ болып шықты. Баланың жанын арашалау үшін анасы препаратты Ресейден сатып алуға мәжбүр.

Мына бүлдіршін - отбасының көптен күткен перзенті. Анасының айтуынша, қызы сап-сау болып туған. 1 жасқа толған соң ғана денсаулығы сыр беріпті. Ата-анасы бірнеше елдің медициналық тексерісіне жүгінген. Бірақ ешбірі диагноз қоя алмаған. Тек өткен қарашада ғана мәскеулік профессорлар қанның миелопрофилеративті ауруы екенін анықтаған. Яғни балада тромбоцит деңгейі жоғары, ал оны төмендететін дәрі Қазақстанда тегін дәрі-дәрмектер тізімінде бар. Бірақ, елде еш жерде сатылмайды. 

Екатерина ЕРМОЛЬЧЕВА, АЛЕКСАНДРА ЕРМОЛЬЧЕВАНЫҢ АНАСЫ: 

Гематолог дәрігерім бұл дәрі науқас үшін маңызды екенін, сондықтан біз үшін арнайы тапсырыс бергенін айтты. Ол тіпті аталған дәріні бізде ешкімнің ішіп жүрмегеніне таң қалды. Дәрігер біз үшін алаңдап отыр. Өйткені анықталғанындай белгілі бір ережемен жеткізілетін жүйе бұзылып тұр. Фармацевттер тапсырыс бермеген.

Қажетті препараттың бір қорабының бағасы шамамен -1300 теңге. Қазір елде жоқтығынан алдағы айдан бастап, бағасы он есе қымбат дәріге ауыспақ. Онда бір айлық шығыны 132 мың теңгеге жетеді. Ал емханадағылар қажетті препараттың қолға тимеуін директордың орнында болмауымен байланыстырды. Қол қоятын ешкім жоқ көрінеді.  

Ботагөз МЭЛСОВА, АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ №1 ЕМХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЕМДЕУ ІСІ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ м.а:  

Бұл дәрі тегін берілетін препараттардың тізіміне кіреді және біз оны беруіміз керек. Қазір тапсырыс бердік. Енді соны күтіп отырмыз.

Емханадағылар қажетті препаратты жақын күндері алдыртып беруге уәде берді. Оны өзге медициналық мекемелерден сұратып көрмек. Өйтпеген жағдайда тағы да Ресейден алдыруға тура келеді. Өйткені қаршадай қызының тағдыры қыл үстінде.  

Айзада Төребекқызы