Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте спорт мектебінің оқушыларын сол мекеменің қызметкері қағып кетті

AstanaTV
28.05.2019ж. 20:00
2333
Шымкентте спорт мектебінің оқушыларын сол мекеменің қызметкері қағып кетті

Шымкентте алты жасөспірімді көлігімен қаққан спорт мектебінің қызметкері болып шықты. Көлік астына түскен жеткіншектер сол мектепке оқу-жаттығуға келгендер. Қазір апаттан зардап шеккен екі қыз ауруханада. Олардың жағдайы мен оқиғаның қалай болғанын әріптесім Айзада Төребекқызы анықтап көрді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көлік астына түскен алты бала да кәмелет жасына толмаған. Қазір алты және 11 жастағы екі қыз облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша олардың бірінің астыңғы жақ сүйегі сынған. Екіншісінің шүйдесі жарылыпты.

Тимур БЕГМАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Кешеге қарағанда бүгінгі жағдайы бірқалыпқа келді. Қазіргі екеуінің жағдайы да орташа ауырлықта. Бөлімшеге ауыстыруға дайындап жатырмыз. Әлі оншақты күн, екі апта шамасында жатады.

Оқыс жағдай кеше түс ауа болған. Шымкенттегі №8 қысқы спорт мектебінің тәрбиеленушілері бұл уақытта жаттығу жасауға кіргелі тұрған.    

Бақытжан ЗИЯБЕКОВ, ШЫМКЕНТ қ. №8 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Оқу-жаттығу сабағының алдында алғашқы дайындық тобында шорт-трек бөлімінің жас спортшылары осы жерде тұрып, жаттықтырушыларымен бірге тұрған, жаттығуға енді келіп жиналып жатқан кезі ғой. Сонымен мектебіміздің врачы машинасын оталдырып, кетейін деп жатқан. Сол кезде кілтті бұрап жібергенде жылдамдықта тұрғанда алға жүріп, балаларды қағып кеткен.

Мектеп басшысының айтуынша, біраз бала көліктің қозғалғанын байқап қашып үлгеріпті. Төрт жеткіншек ауруханаға барғанмен, жағдайлары тәуір болғандықтан үйлеріне жіберілген.   

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Директордың сөзіне сүйенсек, оқиға болған сәтте балалардың жанында оларды жаттығуға алып келген ата-ана, туыстары болған. Болған жәйтті көзбен көргендіктен олар жағдайға түсіністікпен қарап, арызданбады деп отыр. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.

А. Төребекқызы