$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жібек жолы ауылында жол жоқ

AstanaTV
31.05.2019ж. 20:00
5781
Жібек жолы ауылында жол жоқ

Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары өркениеттен мақұрым қалып отырғандарына наразы. Бас қаладан 20 шақырым жердегі елдімекеннің жаңа шағын ауданында не жарық, не жол, не су жоқ. Ақмола облысына қарасты ауылға инфрақұрылым қашан тартылады? Данияр Қайыртай анықтады. 

Нұр-Сұлтанның маңындағы Жібек жолы аулының тұрғындары бұл. «Жылда ауысатын әкімдер біздің жағдайды көзге ілмейді» деп наразы. 

Роза ЖАНЗАҚОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Көктемде бір уәде береді, күзде бір уәде береді. Сонымен 9 жыл өтті. Жолымыз жоқ, совсем. Жаңбыр жауа ма бір жеті, ана жерден тіпті өте алмаймыз. Машинасы бар адам осында тастап кетеді, жоқ адам өзімен бірге боти алып жүреді. Сосын анау остановкаға дейін тура 2 км, жаяу жүреміз 2 км соған, 2 км бері қарай. Басқа остановка жоқ.

Тұрғындар өзі ұсақ тас төсеп, соқпақ жасап алған. Электрқуатын да жеке транформатордан алып отыр. Тариф бағасы удай дейді.

Эльвира ҚАЛДЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ақшаны жинап-жинап өзіміз КТП сатып алдық. 400-500 мыңнан кетті. Одан кейін жинап алғаннан кейін, онысы бұзылады, обслуживание, ақша жинайды оған. Оның бәрі қымбат. Ақшасы жоқ үйлер генератормен әлі отыр.

Қанат КЕНЖЕТАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Генератор жаққанда 10 литр бензин 2-3 күнде кетеді. Постоянно жағамыз. Бала-шағам алыста ауылда жатыр. Өйткені мұнда жағдай жоқ.

Елдімекеннің осы 3-ші шағын ауданында 100 шақты үй бар. Жер сатыларда әкімдік уәдені үйіп-төгіпті. Ал ауыл әкімі шағын аудандар инфрақұрылыммен кезек-кезек қамтамасыз етіледі деп отыр.

Ғабдұлғайып РЫСБАЕВ, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Көп халық осында тұрып жатыр, барлығы тіркеуде жоқ. Барлығы тіркеуде қалада, астанамызда. Қазіргі таңда 7700 халқымыз бар регистрациядан өткен. Халықтың саны көрсетілсе 20 мың деп, онда біздің бюджетіміз де басқаша болады.

Халық арнамызға арызданғаннан кейін аудан әкімі байланысқа шықты. Ол осы жазда жарық пен су тартылады деп отыр. Содан кейін ғана ауыл ішілік жолдар салынбақ. Оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді.

Талғат МҰХАМЕДЖАНОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Халықтың сұрауы бойынша бүгінгі күннен бастап техника мен құрылыс материалдарын үшінші микрорайонға да әкеліп жатырмыз. 110 км электржелісі өткізіледі. Оған биыл мемлекет тарапынан 380 млн тг ақша бөлінді. Үшінші микрорайонда су құбырлары түгел жүргізілгеннен кейін жолдың мәселесін шешуге тырысамыз осы биылғы жылдың аяғында.

Жібек жолы ауылын дамытуға биыл республика бюджетінен 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Ол 110 км электр желісін, 54 км су жүйесін және 52 км жол салуға жұмсалады. Аудан әкімі бұл жұмыстарды жалғастыру үшін келесі жылдарға да қаражат қарастырылған деп отыр.

Д. Қайыртай