Атқарушы биліктің заңсыз әрекетінен кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. «Атамекен» палатасы құқық қорғау кеңесінің отырысында мәжілісмен Кеңес Әбсәтіров осылай деп мәлімдеді. Соңғы кезде шенеуніктердің кесірінен шығынға батқан бизнесмендер көбейген. Алдымен мемлекет мүддесін қорғайтын судьялар жұмысында да ашықтық жоқ екенін айтады. Ол келісімшартты бұзған әкімдерді тек жауапкершілікке тарту жеткіліксіз деп отыр.
Кеңес ӘБСӘТІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мемлекеттік органдар, әсіресе ондағы шенеуніктер өз мойнына алған келісімшартты уақытында орындамайды. Шарттық міндетті бұзады. Осының кесірінен халықтың мемлекетке деген сеніміне сызат түседі. Осыдан кейін олар қандай жағдай болмасын бәріне билік кінәлі дегенді айтады.
Мәселен, Ерік Әзенов 3 жылдан бері кәсібін бастай алмай отыр. Атқарушы билікпен арада заңды келісімшарт бар. Бірақ әкімдік зауыт салатын жер бермей отырған көрінеді. Кәсіпкер осының кесірінен 190 млн теңге табыстан қағылғанын айтты.
Ерік ӘЗЕНОВ, КӘСІПКЕР:
3 рет соттастық. Барлығында біз жеңіске жеттік. Сонда да әкімдік уақытын созып отыр. Зауытқа керек жерімізді ала алмай отырмыз. Зауыт құрылысына 6 млн доллар құятын инвесторымыз да бар. 100 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап едік. Жылына 3000 тонна тұз шығармақ болдық. Тіпті алыс-жақын шетелдерге экспорттауды көздегенбіз.
А. Бектас