$498.34 €519.72 ₽4.85
×

РБК банкінің кесірінен павлодарлық университет ұжымы екі айға жуық төлемдерін өтей алмай отыр

AstanaTV
25.10.2017ж. 20:00
3213
РБК банкінің кесірінен павлодарлық университет ұжымы екі айға жуық төлемдерін өтей алмай отыр

РБК банкіндегі қаржылық қиындықтар Павлодардағы 2 жарым мыңға жуық студентті шәкіртақыдан қақты. Банкпен төлем жасуға келіскен Инновациялық Еуразиялық университетінде жағдай қиын. Олар тіпті қазанда мұғалімдер жалақысыз қалуы мүмкін деп дабыл қақты. Банк тек шәкіртақы үшін 20 миллион қарыз. Ал мұғалімдердің 60 миллион жалақысын қосқанда қордаланған ақшаны қашан қайтарып береді? Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

РБК банкінің проблемасы Павлодарды да айналып өтпеді. 25 жылдық тарихы бар Инновациялық Еуразиялық университетінің басшылығы екі айдан бері дағдарып отыр. Банкпен төлем жасауға келіскен университеттің 2 жарым мыңға жуық студенті шәкіртақыдан қағылып отыр. Қымбатшылық қысқан уақытта бұл кідіріс «жығылғанға жұдырық» болды»  дейді білім алушылар. 

Оспан Райымбек, Инновациялық Еуразия университетінің 1 курс студенті:

Бюджет жағынан қарағанда менде осы стипендия ғана. Соған ғана қарап отырмыз. Қыс жақындап қалды, киім алу керек. Кейбір курстастарым үй жалдып, общагада тұрады. Оларға ақша керек. Мүлдем қиын болды.

Шығысқазақстандық Дулат Мұхсиын - 1-ші курс студенті. Қазірде университеттің жатақханасында тұрады. Мемлекеттік грант арқылы білім алатын ол ата-анасына ауыртпалық салмаймын деп ойлаған. 20 мың теңгелік шәкіртақысын ас-суы мен жолына жұмсауды жоспарлапты. Енді жұмыс іздеуге мәжбүр.

Дулат Мұхсиын, Инновациялық Еуразия университетінің 1 курс студенті:

Жексенбі-сенбі күндері жұмыс жасап, солай ақша таппасақ, басқа амал жоқ. Шәкіртақымыз тамаққа, ары кетсе жүріп-тұруға, мысалы, автобус-трамвай 70-80 теңге, ол да біз үшін қолайсыз.

Қазірде университетте 6 мың студент бар. Оның 2 жарым мыңы мемлекеттік грантпен оқыса, 40 білім алушы «Серпін» бағдарламасымен қабылданған. Екі айда шәкіртақыдан қордаланған қарыз 20 млн теңгеге жетіпті. Білім ордасында 950 оқытушы жұмыс істейді. Мәселе шешілмесе, ұстаздар қауымы да ағымдағы айдың жалақысынан қағылуы мүмкін.

Университетке банктің басқарма басшысы Жакубаевадан мынадай бір жапырақ хат келген. Онда "акционерлердің шешімімен банктің тұрақты капиталына 2017 жылдың аяғына дейін 20 млрд теңге құйылатыны" хабарланған. Бірақ университет басшылығы мен студенттердің шыдамдары таусылған. 

Лариса Фрезоргер, Инновациялық Еуразия университетінің вице-президенті:

Еңбекақыдан кідіріс 4-ші қазаннан басталды. Қазіргі уақытта біз салық пен коммуналдық төлем бойынша берешек болып қалдық. Мұндай жағдай университет тарихында болмаған. Қыркүйектің жалақысын өз күшімізбен шешіп, төледік. Алда қазанның еңбекақысы бар. Бірақ банктің міндетін орындамауына байланысты осы жолы да айлық кешігетін түрі бар. Бұл шамамен 60 млн теңге.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бұл жайтқа қатысты РБК банкінен қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. Жергілікті филиал орталыққа хабарласумызды сұрап, жауап беруден бас тартты. Ал әзірге студенттер мен оқытушылар қауымы үміттерін үзбей отыр. Мәселені біз де назарда ұстайтын боламыз.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ