Негізгі / Жаңалықтар / Сүтке су қосып беру. Қызылорда облысындағы балалардың жазғы демалыс орындары туралы...

Сүтке су қосып беру. Қызылорда облысындағы балалардың жазғы демалыс орындары туралы...

Қызылорда облысында көп балалы отбасының қызы жазғы лагерьден «қарным ашты» деп жылап қайтқан. «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі балалар лагерьлерін тексергенде біраз былықтың беті ашылды. Балаларға ауыз су орнына тұрмыстық су берілген. Асхана лас, ал аспаздарда санитарлық кітапша жоқ болып шыққан. Жатын бөлмеде ашық розетка, төсек тозған. Көп балалы үйде өсіп жатқан баланың «қарным ашты» деп қайтқаны еркелік емес, оның үстіне ондай баланың онсыз да «ішкені алдында» еместігі белгілі. Расында, тексеріс кезінде 90 балаға бір келі фарш бөлінгені анықталған. Фарш та фальш... Ең қорқыныштысы – балалар құтқарушы жоқ каналдарға суға түсіп жүрген. Шарипа Сақтапованың материалы.

 Жаз басталғалы Жанат Абуованың алты оқушы баласына жан-жақтағы демалыс лагерлеріне жолдама ұсынылған. Десе де, көп балалы ана биыл бас тартуға тура келді дейді. Былтыр қалаға қарасты «Сырдария» лагерінде демалған балалары биыл бармаймыз деп қашыпты.

Жанат Әбуова, Қызылорда қаласының тұрғыны, көп балалы ана: 

Лагерьге жібермедім сырттағы. Балаларым: қарным ашты деді. Сондықтан жібермедім балаларымды, өзімнің алдарымда жүре берсін, деп.

Зарина Бақытжанқызы, 11 жаста, Қызылорда қаласының тұрғыны: 

«Сырдария» лагеріне бардым, қазір барғым келмеді. Себебі олардың төсектері жыртық, сосын лас. Апайлар өздері телефон шұқып, магазинге барып, сөйтіп отырады. Сосын сүтке су құйып бере салады. Тамағы дәмді емес. Жеміс-жидек? Ондай бермейді. Мен 10 күн болған жоқпын, жеті-ақ күн болдым, себебі.... қарным ашты, сосын қайтып кеттім. Барғым келмейді.

Қауіпсіздік, пайдалы демалыс, спорттық және басқа да қызықты шаралар. Баласын лагерьге жіберген ата-ана дәл осылай болса деп армандайды. Алайда бірнеше лагерьді «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен аралаған біз, балаларды ол жаққа мүлдем жібермеу керектігіне көзімізді жеткіздік. Мысалы, Тереңөзек кентінде орналасқан «Жалын» лагеріндегі тіршіліктен көзің алақандай болады. Қақпасы ашық, күзеті жоқ лагердің төрінде орналасқан асханасына дейін кедергісіз жеттік. Кіре берісте балажкаларға тұрмыстық су құйылған. Балаларға ішуге! Бізді көре сала дереу ашылмаған құтылардағы таза ауыз суына ауыстырды. Тамақ әзірлейтін жер лас, қалдық пен шыбынға толы. Соның ортасында балаларға тұшпара әзірлеп отырған аспазшы.  

Жандос Тұсмағамбетов, «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсенің жетекшісі: 

Тұрмыстық су беріліп жатыр балаларға. Сонымен қатар асханадағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар дұрыс емес, тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Бүгін бекітілген ас-мәзіріне сәйкес тамақ өнімдері балаларға берілмей жатыр. Мониторинг барысында аспазшының санитарлық кітапшасы болмай шықты. Азық-түлікке келетін болсақ, яғни сақтау талаптары бұзылған, арнайы бөлмелер жасақталуы керек. Мысалы, тұшпара дайындап отырған бөлмеде, мысалы, жуындылар тұр, нан өнімдерінің қалдықтары тұр.

Жатын бөлмелер де адам шошырлық. Матрастарды қоқыстан теріп келгендей, ал төсектер былтырдан ауыстырылмаған. Алқам-салқам, сынық-тесік жиһаз. Теледидардың орнында мынадай сымдар салбырап, ал бөлмеде розеткасы жоқ тоқ ашық тұр.  

  Мира Момбаева, «Жалын» тынығу лагерінің директоры: 

Енді жаңадан біз бастап жатқаннан кейін кемшіліктеріміз бар, орнына қоямыз, түзейміз барлығын да деп сендіремін.

Таңғаларлық жағдай, бірақ маусымды ашуға санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат Жалағаш ауданының «Ақтерек» сауықтыру лагеріне де берілген. Тоңазытқышта тұрған мына кәуаптың тұздығын лагерь директоры саспай: «балаларға қатысы жоқ қой, өзіміздік ол», деп қатырды. Тазалық пен қауіпсіздікке бұл мекеменің де аса мән бермейтіні көрініп тұр. Балаларға берілген шырын сипатты сұйықтық нарықтағы ең арзан сусын. Бес литрі 300-350 теңге тұрады. Өз балаларына осы жердегі қызметкерлер соны берер ме екен? Ал тым жақсы салынған, бірақ өте лас бассейнде балалар бірнеше рет түсті дегендері күмән туғызады. Айтпақшы, «Ақтеректе» бірінші ағымдағы балалар үйлеріне бір күн ерте қайтарылғаны анықталды. 

Жандос Тұсмағамбетов, «Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кеңсенің жетекшісі:   

Балалар толық күнді аяқтап шықпаған. Бүгінгі балалар түскі 12-де шығарылған. Біз жаңа медициналық пунктіні көрдік, стоматологиялық кабинеттерді көрдік. Барлығы өткен жылғы жағдаймен, дәл сол күйіндегі қалпымен қалыптасқан, санитарлық талаптарға сәйкес келмейді, пайдаланған шпирцтердің барлығы сол күйде тұр әлі де.

Жандос Тұсмағамбетовтың есебі бойынша, жалағаштық балалардан ұрланған бір күн демалыс үшін мынша қаражат үнемделген. 1 ағымда 82 бала демалды. Бір балаға 10 күндік жолдаманың құны-13 мың 600 теңге. Бір күнде лагерь басшылығы 111 мың 520 теңге үнемдеген. Оған тамақтың 94 мың 300 теңгесін қоссақ, жалпы 205 мың 820 теңге қайда кетті? -деген сұрақ туындайды.   

Рустам Ыдырысов, «Ақтерек» сауықтыру лагерінің директоры: 

Енді соңдай болып жатыр. 82 бала демалды, 82 баланың барлығы аз қамтылған отбасынан және жалпыға бірдей міндетті оқу резервінен келеді балалар. Жойылады, үш күннің ішінде келесі ауысымға біз толықтай дайын тұрамыз.

«Ақмешіт-адалдық алаңы» жобалық кенсесінің мониторингы бойынша, жазғы демалыс маусымына аталған «Жалын», «Ақтерек», «Сырдария» лагерлері түк те дайын болмаған. Мүмкін аз қамтылған, көп балалы отбасыларынан шыққан балаларға жағдай жасауға құлықсыз болды ма? Тегін жолдамамен келгеніне мәз болсын деп. Десе де, сол балалардың демалысы үшін мемлекет қаражат төлеп отыр емес пе? 

Әрине, әр отбасы баласының жазда пайдалы және көңілді демалғанын қалайды. Алайда бәрінің бірдей сол демалысты ұйымдастыруға жағдайы жоқ. Иә, Қызылорда қаласының орталығында аула клубтары, спорттық секциялар, хауыздар, тым болмаса мынадай аула ойын алаңдары жеткілікті.

Бауыржан Алтай, Қызылорда қаласының тұрғыны: 

Достарымызбен осы жақта ойнаймыз, жаттығу істейміз, футбол алаңына барып, футбол ойнаймыз, лига ойнаймыз. Суға бассейнге, аквапарк-болды. Басқа жерге түспейміз, өйткені батып кету мүмкін.

Илиар Сейдахунов, Қызылорда қаласының тұрғыны: 

Жаз бойы біз осы жақта ойнаймыз және де футбол алаңында ойнаймыз. Мен лагерьге барғанды ұнатпаймын. Ол жақтан осы үй жақта ойнағанымыз артық деп ойлаймын.

Ал шет аймақтарда тұратын балақайлардың бар ермегі-көшеде велосипед тебу немесе мынадай құтқарушылары жоқ, терең каналдарда суға түсу. Жаз басталмай жатып үш бала суға кетті.  

София Теңізбаева, Кызылорда облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі:  

Біз «Сабалақ», «Әл-Фараби» атты қаланың шет аймақтарында орналасқан мөлтек аудандарын аралап қайттық. Ол жақта аула немесе спорт клубтары, ойын алаңдары жоқ. Суға түсуге болатын жерлері де белгіленбеген. Нәтижесінде балалар суға кетті деген суық хабарды естиміз. Барлығымыз осы жағдайы жоқ балаларға жағдай жасау туралы ойланайықшы...

Ал лагерлерге келетін болсақ, облыстық білім беру басқармасының басшысы арнайы комиссия құрып, барлық аудандарды өзі тексеруге кірісті. Нәтижесін тағы бір көрсетуге өтініш айтты. Кім біледі, шынымен де жағдай дұрысталып, балалар жазғы демалысын көңілді, пайдалы өткізіп, лагерді сағынышпен еске алар. Кім білсін... 

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев "Біздің уақыт"