$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Өскеменде білім орталығы салынады

AstanaTV
17.06.2019ж. 20:00
2778
Өскеменде білім орталығы салынады

Өскеменде «Ұлы Дала Палитрасы» атты халықаралық плэнер-көрмесі ашылды. Мұндай Ресей, Германия, Франция, Түркия, Грузия, Литва сынды елдерден келген 20 шақты суретші, Шығыс Қазақстан облысының тұмса табиғатын бейнеледі. Шығыстың шырайын келтірген өнер кеші туралы келесі бейнематериалда толығырақ.  

Әлемнің әр түкпірінен келген қылқалам шеберлері Шығыс Қазақстанның шежірелі тарихын бейнеледі. Қонақтар он күннің ішінде өлкенің көрікті жерлерімен танысып, ұнатып қалғандарын айтады. Қотанқарағай, Белуха тауы мен Рахманов қайнарларындағы тылсым күшті де сезініпті.

Болат МЕКЕБАЕВ, СУРЕТШІ (ГЕРМАНИЯ):

Бұл жердегі табиғат өзінше бөлек, өзінше ерек. Мәңгі есте қалатын мекен, алған әсеріміз сөзбен айтып жеткізгісіз. Бұл жер - Алтай баурайынан шыққан көптеген халықтың байырғы мекені. Сондықтан осындай шараға ат салысқаныма қуаныштымын.

Ал латвиялық суретші Сильвия Дребескай алғаш рет Қазақстанға табан тірепті. Қотанқарағайдың табиғаты мен тарихы оның шабытына шабыт қосса керек. Сильвия құпиясын бүккен ерекше табиғатты кенепке түсіруге бекініпті. Бірақ еліне оралғасын, асықпай бейнелемекші. 

Сильвия ДРЕБЕСКАЙТЕ, СУРЕТШІ (ЛАТВИЯ):

Осы өлкенің көрінісін сол қалпында бергім келді. Мұндай әдемілікті еш жерден көрген емеспін. Біздің Латвияда теңіз бар, әдемі жерлер де жетерлік. Бірақ мұндағы көрініс мүлдем бөлек. Өзіме қажетті материал қорын жинақтадым, енді үйіме барған соң осының бәрін бейнелеп, сарқыраманы бөлек сурет қып саламын.

Көрмеге қойылған шетелдік суретшілердің жұмыстармен танысқан жергілікті тұрғындар күнделікті көзтаныс жерлерді басқа қырынан байқағанындарын айтады. Суретші-портретистер тіпті қарт Алтайдың қаһарлы жауынгерлерін де ұмытпаған. Олардың әрбірі 3-4 картинадан салыпты. Осы еңбектердің 80 шақтысы облыстағы музейлерге сыйға тартылады. 

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Әлемнің он елінен келген суреттерді көріп, көз қуанды, көңіліміз көтерілді. Олар туған өлкенің табиғатын жаңа белеске көтеріп, жаңаша бейнеледі. Енді алдағы уақытта білім орталығының құрылысына кірісеміз. Мұнда көркем сурет өнері мен еліміздің Археология тарихы және цифрландыру саласы бірге тоғысады. Мұның бәрін алдағы жоспарымызға енгіздік.

Суретшілер өз әріптестері мен талапкер жастарға арнап, шеберлік сағатын да ұйымдастырды. Осылайша халықаралық пленэрдің арқасында ұлы даланың жаңа келбеті картинаға айналып, әлемнің әр түкпіріне жол тартады. 

Е. Карин