Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылжарда тұрғындар газ иісіне тұншығып отыр

AstanaTV
18.06.2019ж. 20:00
1630
Қызылжарда тұрғындар газ иісіне тұншығып отыр

Қызылжарда бүтін бір шағын аудан тұрғындары газдың иісіне шағымданып жатыр. Бірнеше күннен бері ауадағы жағымсыз иіс жұрттың мазасын қашырған. Құзырлы мекемелер қолқаны қапқан иістің қайдан келгенін анықтап жатыр. Тіпті арнайы штаб құрылды. Бірақ, нәтиже жоқ. Абзал Құрманкин әңгімелейді. 

Жабаев көшесінің тұрғыны Ирина Шольдің айтуынша, өткір иістің пайда болғанына бес күн болған. Тіпті жабық терезелерден де жағымсыз иіс пәтер ішін алып қалған. Зейнеткер талай жерге шағымдандық та, алайда мәселе шешілмей отыр деді. Соңғы кезде денсаулығымда сыр берді дейді.   

Ирина ШОЛЬ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Газдың кесірінен қазір даусым өзгере бастады. Күнде сүт ішіп жүрміз. Ішкен тамағымның бәрін құсып тастаймын. Кішкентай немерем бар. Оны ауылға жіберейін деп жатырмын. Суды қаншама кісі тексеріп жатыр. Бірақ ешбіреуінен де пайда жоқ.

Жағымсыз иіс кәріз құдығынан шығып жатыр. Қаланың кәріз жүйесі ортақ болған соң, иіс басқа аудандарға да тарауда. Қала тұрғындары кешелі бері бұл мәселені әлеуметтік желіде талқылап, иістің шаһардың түкпір-түкпіріне жайылғанын жарыса жазуда.   

Әскер ТАСАНБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Пропанның иісі шығады. Күндіз үйдің маңайынан шықты. Кейін автобуспен қаланың орталығына қарай бара жатқан кезде Киров зауытының қасында да иіс бұрқырап тұрды.

Қазір экологтар мен қалалық сумен қамту серіктестігі кәріз жүйесіндегі суды жан-жақты тексеріп әлек. Ал эпидемиолог мамандар он түрлі химиялық заттың сараптамасын жүргізген. Бірақ құзырлы органдардың ешбіреуі де әзірге газдың нақты түрін анықтаған жоқ.  

Әсет ЖҰМАТАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кешке қарай сағат түнгі бірден төртке дейін біздің зертхана мамандары жұмыс істеді. Жанағы мен айтқандай сероводород, метилмеркаптан, углеводород, амиак, азот диаксид, фенол формальдегид сияқты заттар тексерілді. Олардың көрсеткіші рұқсат етілген шектеу концентрациядан көп емес.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қала басшылығы кәрізге белгісіз органикалық зат қосылған болар деген болжам жасап отыр. Қазір сала мамандары судың сараптамасын сағат сайын сынап жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Ал бұқара болса, жағдай тұрақталғанша уақытша пана іздеуге кіріскен.

А. Құрманкин