Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Инкассаторларды әріптесі несиесін жабу үшін өлтірген

AstanaTV
19.06.2019ж. 20:00
2930
Инкассаторларды әріптесі несиесін жабу үшін өлтірген

Түркістан облысында инкассаторларды атып өлтірген күдікті қылмысқа несиесін өтеу үшін барған. Ол банкке айына 80 мың теңгеден құйып отырған. Бұл туралы Арыс аудандық сотының судьясы айтты. 38 жастағы күдікті «Қарақшылық» және «Адам өлтіру» баптарымен айыпталып отыр. Сот санкциясымен екі ай мерзімге бұлтартпау шарасымен қамауға алынғанын бұған дейін айтқан болатынбыз. 

Гүлмира МЕКЕМБАЙҚЫЗЫ, АРЫС АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Енді не себептен ондай қылмысқа барғанын сұраған кезде, басында бір емес, екі кредиті бар екен банктерде. Алатын айлығы тек сол кредитті жауып отыруға жететіні, сондықтан қаражатқа мұқтаж болғандықтан осындай әрекетке барғанын түсіндірді.

Еске салайық, қанды қылмыс 7- маусымда болған. Арыс ауданына қарасты пошта бөлімшелеріне ақша таратуға шыққан қос инкассатор орта жолда бастарынан атып өлтірілген. Ал олар мінген көлік мүлдем басқа аумақтан табылған еді. Инкассаторлық көліктен зейнетақы мен жәрдемақыға тиесілі 7,5 млн теңге ақша қолды болды. Күдіктінің көлікке малшы ауылға жетіп алу үшін мінгенін полицейлер айтқан. Бұл қылмысқа қатысы бар тағы бір адамға да сот санкция шығарып отыр. Ол күдіктінің ақша мен қаруды апарып жасырған танысы.Ол полицияға хабар берудің орнына ақша мен қаруды өзге орынға жасырыпты. Бұл үшін алты жылға бас бостандығынан айырылуы немесе 6 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. 

А. Төребекқызы