Қоғамдық пікірді қалыптастыруда отандық БАҚ-тың маңызы зор. Кәсіби мереке қарсаңында үздік журналистерді марапаттаған Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қалам ұстаған қауымға арнайы сыйлықтар мен гранттар тапсырып, алғысын білдірді. Президент марапатына әріптесіміз, «Астана» телеарнасы «Біздің уақыт» апталық-сараптамалық бағдарламасының талдаушы редакторы Жайна Сламбек те ие болды.
Жайна СЛАМБЕК, «АСТАНА» ТЕЛЕАРНАСЫ «БІЗДІҢ УАҚЫТ» САРАПТАМАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТАЛДАУШЫ РЕДАКТОРЫ:
Мен сөзімді Жүсіпбек Аймауытұлының сөзімен аяқтағым келеді. Тура осыдан 101 жыл бұрын өзі шығарған «Абай» журналында «Ұлтты сүю» деген мақаланы былай аяқтаған екен: Енді біз аяқ астында қалмай, тырбанып, тырна қатар қызмет қылып, дүниежүзінен жоғалып кетпеудің әрекетін қылуымыз керек деп. Менің ойымша, осыдан артық сөз жоқ. Рақмет!
Президент Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітуді - еңбектің әділ бағасы, деді. Мемлекет басшысының арнайы марапаты 20 журналист пен республикалық, аймақтық телеарна, басылым жетекшілеріне де тапсырылды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Болашақты саясаткерлер, өткенді тарихшылар, ал бүгінгіні журналистер ойлайды деген қағида бар. Бірақ меніңше, журналистер болашақты да өткенді де ойлайтын қауым. Бірегей қауым деп айтуға болады. Сіздердің қоғамдық маңызы зор қызметтеріңізге біз әрқашан құрметпен қараймыз, бағалаймыз!