Аптап ыстықта Орал халқы тағы да сусыз қалды. Бұл жолы мамыр айында жарылған кәріз құбырынан ақау шыққан. Қазір «Батыс су арнасы» мекемесі жарылған жерді жамауға кірісті. Ал тұрғындар қолына түскен ыдыс-аяқпен су тасып жүр.
Кәріз құбыры бұған дейін де осы жерден жарылған еді. Араға ай салып, дәл сол апат тағы қайталанды. Енді құбырдағы лас су түгел сорылып, жаңа құбыр салынады. Ал мамандар апаттың жиілеуін осыдан он жыл бұрын төселген материалдың сапасыздығы мен жер бедерінен көреді.
Нұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Осы арадағы апатқа, бәріне де мына құбырдың сапасыз материалынан болды. Неге десеңіз, біздің жердің рельефі, судың қысымы өте қатты ол арада. Сондықтан мына материал шыдай алмай, жарылып кетіп жатыр әр жерден.
Әйнекталшықты құбыр полиэтилен құбырға ауыстырылмақшы. Бірақ оның қанша уақыт шыдайтынын мамандардың өздері де тап басып айта алмады. Дегенмен бюджеттен бөлінген 3 миллиард теңгеге 8 шақырымдай кәріз құбырын ауыстыру жоспарланған.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір суы жоқ аудандарға тіршілік нәрі көлікпен тасылып жатыр. Қалалық әкімдік бұл жұмыстар күндіз-түні жүргізіледі деп сендірді. Мысалы, мына жерде су көлікпен тасылып, тегін тасылып, тегін таратылып жатыр. Ал мына дүңгіршекте судың литрі 15 теңгеден сатыла бастаған. Тұрғындар дүңгіршектегі су бағасы осы апат болғаннан кейін 5 теңгеге қымбаттады деп ашулы. Бірақ қай жерде де кезек көп.
Қаладағы тоғыз жерде су тасымалы ұйымдастырылыпты. Дағдарып қалған тұрғындар қолына түскен ыдыс-аяқ, тіпті шәйнекпен су тасып жүр. Аптап ыстықта кезегін күтіп шаршаған халық ашуын кімнен аларын білмей отыр.
- Күн ыстық, су жоқ. Осымен екінші рет су жоқ болып жатыр. Әнеугүні үш күн қырылыстық. Жұрттар құлап жатыр көшеде, талып жатыр күн ыссыда. Бұл деген не масқара? Сонда не өлуіміз керек пе судан?
- Алдында су болмай өліп қала жаздадық. Жұрт талып жатыр терезеден көріп отырмыз. Енді су болмағаннан кейін шелегімізді, әйтеуір бүкіл баклажкамызды суға толтырып едік. Енді қалыпқа келген болар деп ойлап жатсақ, қайтадан су жоқ енді. Қартайғанда осылай жүрміз ал. Халықтың бәрі тарақан сияқты шығып, мына жерде жабысып тұр.
Бүгінде қаланың бірнеше ауданы мен шаһар іргесіндегі елді мекендер толықтай сусыз отыр. Бұл аумақта 120 мың адам тұрады. Жауапты мекеме қалалықтардың ауыз суды көбірек жинап алуын ескертті. Өйткені құбыр қашан жөнделіп, судың қашан берілерін ешкім дөп басып айта алмай отыр.
Е. Карин