Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Теңіз жобасында жұмыс істеген Ливан азаматы жұмыстан қуылды

AstanaTV
01.07.2019ж. 20:00
3946
Теңіз жобасында жұмыс істеген Ливан азаматы жұмыстан қуылды

Ливан азаматы жұмыстан қуылды. Ал басы дауға қалған компания басшысы қазақстандықтардан кешірім сұрады. Әлеуметтік желіге салынған сурет дау туғызып, тіпті Теңізшевройлдың Үшінші буын зауыты алаңындағы жұмыстар тоқтатылған. Барлық құзырлы органдарды аяқтан тік тұрғызған дау туралы Атыраудағы тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы тарқатады.

 Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жұмысшылар арасындағы дау ССЕР компаниясында туған. Әлеуметтік желіге салынған суреттен төбелес шығып, 30-дан аса адам зардап шекті. Олар медициналық көмектен соң жұмыстарына қайта кіріскен. {КСМ:} Бірақ желіге сурет салған ливан азаматы кешірім сұрағанына қарамастан жұмыстан қуылған. Бүгін әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған компания басшысы осылай деді.

Кауаш ХИШАМ, «ССЕР» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:  

Мен Эли Даудтың әрекетіне байлайнысты барлығыңыздан кешірім сұраймын. Бұл ССЕР компаниясының ешбір ұстанымы мен саясатына сәйкес келмейді. Бұл жағдайды естіген бойда онымен келісім-шартты бұзылып, жұмыстан қуылды. Біз ішкі тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Қолымды кеудеме қойып тұрып, кешірім сұраймын, әрі қазақ бауырларыма аса құрметпен қарайтынымды айтқым келеді.

Бұл Теңіз жобасын кеңейтумен айналысып жатқан көп компанияның бірі. Иесі арабтар. Онда 8 мыңдай адам жұмыс істесе, 600-дейі шетелдік азамат. Бүгінде мұндағы жұмыс уақытша тоқтатылды.

Ризабек АРТЫҒАЛИЕВ, «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» ЖШС ҮКІМЕТПЕН ЖӘНЕ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

«ССЕР» компаниясымен келісім-шартты бұзды деген шындыққа еш жанаспайды. Қазір Келешек кеңею жобасының Үшінші буын зауытының құрылысы тоқтап тұр. Бірақ негізгі өндіріс толықтай істеп тұр. Адамдар өз орындарында жұмыстарын атқарып жатыр.

Қазір кен орнындағы жағдай тұрақты. Полиция дау неден туындағанын анықтауға кіріскен.

Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

ҚР Қылмыстық Кодексінің 293 бабының 3 бөлігімен яғни «бұзақылық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тергеп -тексеру амалдары аясында жалпы бұл оқиғаға қатыстылығы бар азаматтарды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Ал жанжалға қатысты арнайы ведосмтвоаралық комиссия құрылған. Бүгін өз азаматтарына алаңдаған Палестина, Иордания мен Ливан елшілері де Атырауға ат басын бұрған.

Әлпеш САДЫҚ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Оқиғадан 30-дан астам адам жеңіл жарақат алған болатын. Олардың денсаулығына және өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Облыста облыс әкімінің бірінші орынбасары басқаратын ведомоствоаралық комиссия жұмыс жасап жатыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Ливан Сыртқы істер министрлігі өз азаматын әкету үшін рейс жіберетінін мәлімдеген. Өзге ел дипломаттары азаматтарының қауіпсіздігі бақылауға алатынын айтқан. Олар бұл оқиға елдер арасындағы достыққа сызат түсірмейтініне сенім білдірді.

Б. Нәдірқызы