Елордада жалғызбасты ана- жарты жылдан бері жертөлені паналап жүр. Бір емес, 4 баласымен далада қалған келіншек- биліктен баспана беруді сұрайды. Тұрақты табысы да жоқ әйел- балаларының бір жәрдемақысына қарап отыр. Шарасыз қалған ананың базынасын Ақерке Бектас тыңдап қайтты.
Бибіғайша Исабекова қазір өркениеттен қол үзіп қалғандай күй кешіп жүр. Жалғызбасты ананың жертөлені паналап отырғанына жарты жылдан асты. Көпбалалы отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмектен басқа табыс көзі жоқ. Ал жұмыс істеу үшін 4 сәбиді қараусыз тастап кетуге қорқады.
Бибіғайша ИСАБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Бір жерде тұрдым. Ол суық болды, 45 мыңға жалдадым. Оған ақша керек, ақшам болған жоқ. Қосымша коммуналық қызмет ақысы болды. Сосын жағдайым болмай, осы жерге көшіп келдік. Алимент төлемейді. Өйткені жұмысы да жоқ.
Мемлекеттен баспана алу үшін Бибіғайшаның қажетті құжаттарынан қателік кеткен. Осы қалада 3 жылдан бері тұратынын растайтын анықтаманы әлі ала алмай жүр. Бұл куәліксіз оған пәтер берілмейді. Жалғызбасты ананың айтуынша, жауапты мекеме мәселені шешуден ат тонын ала қашқан.
Бибіғайша ИСАБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Мені жібермеген жері жоқ. Үш рет сотқа бардым. Құжатыңыз дұрыс емес, сіз бізге қарамайсыз деп, тағы да басқа жерге жібереді. Ол жақта да менің мәселемді ешкімнің қарағысы жоқ. Осылай жүргеніме жарты жыл болды.
«Жастар» тұрғын үй кешеніндегі тұрғындар бұл отбасының жағдайын жақсы біледі. Бірақ азық-түлік апарып бергеннен басқа көмекке қауқарсыз.
Зейнолла РАШИДОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Жертөледе тұру деген осы заманға жатпайды ғой. 4 баласы бар. Не аяқ киімі жоқ, киімдері тозық. Осы жерде шауып ойнап жүреді. Тіпті көліктің астына түсіп қалуға да...Құдай алды. Аяйды. Балаларға тамақ әкеліп береді. өзім де кеше ғана ойыншық апарып бердім.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Жертөленің ішінде жарық та жоқ, дәретке отыратын жер де жоқ. Астананың орталығы... Шешесі әкеліп, 4 баланы мына ойын алаңына тастап кетті.
Отбасының жағдайын айтып, пәтер иелері кооперативіне бардық. Олар жертөленің заңды иесі бар екенін айтып отыр.
Саяна СМАҒҰЛОВА, ЖЕРТӨЛЕНІҢ ИЕСІ:
Мен оның балаларымен бұл жерде тұрғанына қарсы емеспін. 4 баласымен жалғыз әйел қайда барады? Бірақ мұнда ешқандай жағдай жасалмаған. Не су, не жарық жоқ. Ондай жерде адам қалай өмір сүреді?!
Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты жалғызбасты ананың жағдайынан хабардар.
Рүстем ӘБДІРАШЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ АППАРАТЫ ТЫНЫС-ТІРШІЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жертөле жеке секторға тиесілі. Бізге 10 күн бұрын хабарласты. Отбасын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету әкім аппаратының құзіретіне кірмейді. Сондықтан олар Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгіне алады.
Жертөледе тұратын отбасының жағдайын Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жеткіздік. Алайда, жауаптылар сұраққа бүгін жауап беруден бас тартты.
А. Бектас