Негізгі / Жаңалықтар / Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы бекітілді

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы бекітілді

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы бекітілді. Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ұлттық кеңестің негізгі мақсаты - мемлекет саясатының өзекті мәселелерін жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылап, ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау. Сондай-ақ, кеңес халық пікірін ескере отырып, стратегиялық проблемаларды қарайтын болады. Ұлттық қоғамдық кеңестің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ал оның орынбасары Қырымбек Көшербаев, кеңестің хатшысы Ерлан Карин. Жалпы оның құрамына 41 адам енген. Кеңеске халыққа белгілі қоғам қайраткерлері, заңгерлермен қатар журналистер де бар. 

Ерлан ҚАРИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Қоғам белсенділері мынандай тәртіпке сәйкес іріктелді. Ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер, нақты бір сала бойынша шұғылданып жүрген кәсіби мамандар кеңеске кірді. Олар қоғамның барлық саласынан іріктелді. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция өкілдері де, жаңа қалыптасып келе жатқан қарсы топтардың өкілдері де бар. 

Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - Президент қолға алған негізгі тақырыптардың бірі. Біріншіден, кеңесті құру Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына кірген болатын. Екіншіден, бұл туралы мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде айтып, алғашқы отырысы тамызда болатынын мәлімдеді. Содан кейін Президент Ант берген күні кеңесті құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл - оның алғашқы саяси шешімдерінің бірі. Әрі кеңестің нақты диалог алаңына айналуы қажеттігін атап өткен.

Мұхтар ТАЙЖАН, ЭКОНОМИСТ, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: 

Болашақта өркениетті, құқықты, демократиялық, шынайы нарықтық мемлекетке айналу керек. Біз ұрпаққа, балаларымызға өте өқркениетті мемлекетті қалдырып кетуіміз керек. Осындай жиын, осындай кеңес сол басты мақсатымызға нақты қадам болады деп үміттенемін.