Негізгі / Жаңалықтар / Елордада иесіз ит-мысықтар үлестірілді

Елордада иесіз ит-мысықтар үлестірілді

Астанада иесіз үй жануарлары көбейіп кетті. Қалалық әкімдік пен еріктілер уақытша орында толып қалған 800-дей жануарды тарату үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырды. Әрине, олардың барлығы әкелу мүмкін емес. Бірақ «Мені өзіңмен алып кет» акциясына шығарылғандардың барлығы иесін тапты.

Жұрт жәрмеңкеге ерте жиналыпты. Алғашқы әкелінген 5 мысықты келушілер лезде талап әкетті. 1 жыл бойы уақытша орында болған мына қоңыр мысық иесін тауып, үйіне кетіп барады. Динара жәрмеңкеге үш қызының өтінішін орындау үшін арнайы келіпті.

Динара, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Балалар кішкентай болғандықтан мына 1 жасар мысықты алдық. Онымен кездескен бойда ғашық болып қалдық. Өзі момын екен. Оны Мэсси деп атадық.

  Еріктілер үй жануарларын дәрілеп тазалап, жуындырып, жүндерін қырқып әкелгенше жәрмеңкеге біраз адам жиналып қалды.  

Айман, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

10 жасар қызым екі айдан бері мысық сұрап жүр. Әлеуметтік желілерден көріп, арнайы келдім. Күтіп тұрмын, ұнаса бір мысықты әкетемін.

Тұрғындар жеткізілген кезекті жануарларды көруге асықты. Бұл жолы кішкентай мысықтар мен күшік әкелінген. Оларды көрген балалар эмоцияларын жасыра алмай, алуды сұрап, жылап та жатты. Осылайша 20 шақты ит-мысық иесін тапты.  

Өркен, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Досымның интсаграм историясынан көрдім. Негізінен күшік алам деп келгенмін, мынада үлкен иттер екен. Күшік пен мысық алайын дегенмін кішкентай.

Қазір қалалық әкімдікке қарасты уақытша орында 700 ит пен 100 шақты мысық бар. Ал бюжетке салынған қаражат осының жартысын бағуға есептелген. Ай сайын әр итке 10, ал мысыққа 4 мың теңге қарастырылған.    

Дана ТҰРҒЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ САПА ОРТАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:  

Мемлекет тарапынан 300 ит пен 100 мысыққа ғана ақша бөлінген бюджеттен. Қалғанын елорданың еріктілері асырап-бағуға көмектесіп жатыр.

Бұған дейін ит-мысықтардың фотокөрмесі ғана болған. Бұл жолғы жәрмеңкенің тиімділігін көрген билік өкілдері мұндай шараны енді айына екі рет өткізіп тұрмақ.  

Оксана ИБРАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ САПА ОРТАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз жұртқа өзіміздің мейірімсіздікпен қарауымыздың кесірінен олар далада қалатынын айтқымыз келеді. Бұл - өзекті проблема. Стерильденбегендіктен олардың саны артып жатыр. Тұрғындарға айтарымыз, оларға үй мен махаббат сыйлаңыздар. Ол сізге жылулық береді және сізді үйде күтетін болады. Жануарлар сізді осы өмірде бар болғаныңыз үшін ғана жақсы көреді. Оларды Ақсүмбе 1 мекен-жайынан да ала аласыздар.

Уақытша орыннан үй жануарын алған кісі келісім-шартқа отырады. Яғни қорғансыздар жауапкершілігі жоғары адамдарға беріледі. 

Г. Меңдеева