Қазақстанда 2024 жылға қарай машина жасау өндірісінің көлемі 2 трлн теңгеге жетеді. Саланы дамытуға арналған 5 жылдық жол картасы туралы бүгін Үкіметтегі брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтып берді. Ал машина жасау өнімдерінің экспорты 1,2 есеге жоғарыламақ. Жол картасы сәтті жүзеге асса, еңбек өнімділігі 12 мың доллардан 24 мың долларға өседі. Машина жасаудағы мына проблемаларды шешу де жоспарға кірген.
Аманияз ЕРЖАНОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің төмен деңгейі, еліміздегі жоғары қоспалы және ыстыққа төзімді қорғасын өндірісінің жоқтығы, жабдықтардың тозуы, білікті мамандардың жетіспеушілігі. Осылардың бәрі кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуіне әсер етеді.
Отандық өндірушілерді ынталандыру мақсатында мемлекеттік органдардың екі жылға шетелдік автомобильдерді сатып алуын шектейтін қаулы қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі осылайша Қазақстандық кәсіпорындарға үлкен қолдау көрсетеміз дейді. Айтуынша, екі жыл уақыт аяққа тұрып алуға былай жетеді. Бірақ бұл шарадан отандық көліктер бағасы төмендемейді.
Аманияз ЕРЖАНОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өзіміздің қазақстандық автокөлік жоқ расымен айтқанда. Біздер тек оны жинаймыз. Өзімізде өндіріс жоқ. Сол жиналған бізде KIA-сы бар, SsangYong бар, Ravon бар. Сол машиналарды сатып алады.
А. Сейфулла