Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қостанайда мүсіншіге мүсін тұрғызылды

AstanaTV
19.08.2019ж. 20:00
5987
Қостанайда мүсіншіге мүсін тұрғызылды

Ұлттық мүсін өнерінің көсемі. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мүсінші Хакімжан Наурызбаевқа Қостанайда ескерткіш қойылды. Ол Алматыдағы Республика алаңы алдында орналасқан әйгілі Абай ескерткішінің авторы. Мүсінші мүсінінің ашылуына аймақ атқамінерлері, өнер иесінің жақындары келді. Еңселі ескерткіш "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Көркейе бер, Қостанай" жобасы аясында орнатылды. 

Тобыл өңірінің тумасы Хакімжан Наурызбаев бала кезінен балшықтан мүсін жасап тәжірибе жинаған. Тума талантты сол тұстағы халық комиссариятының басшысы байқап Алматыдағы көркемөнер училищесіне оқуға аттандырады. Кейін Харьков қаласындағы өнер инситутын тәмамдаған. Хас мүсінші қарапайым шопаннан бастап қазақтың Шоқан, Абай, Жамбылын, күй атасы Құрманғазы секілді талай тарихи тұлғаларды құрыштан құйған.  

Асанәлі ӘШІМОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ: 

Хакімжанды мен көптен білемін. Алматыда достасып жүрдік. Абайдың қалай туғанын ескерткішінің куәгеріміз. Сондықтан аруақ бір аунап түсіп, риза болып жатқан болуы керек. Сондай қарапайым адам өмірде. Осы ұлы адамдардың бәрі қарапайым болады.

Мүсіншіге арналған мүсін шаһардағы Алтынсарин мен Пушкин көшелерінің қиылысына орнатылды. Ескерткішті орнатуға жергілікті серіктестік 18 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініпті. 

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Елімізге келіп көптеген жас мүсіншілерге, суретшілерге қамқорлық жасап, олардың жоғары оқу орындарына барып оқып аяқтауына үлкен көмек берген екен. Талай шәкірттер тәрбиелеп, олар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде тіпті халықаралық деңгейде, дәрежеде үлкен жұмыстар атқарып жүр.

Қола берет. Қоңыр шарф. Өр тұлғаның, өнер адамының образы. Қостанай төрінде биік тұғырына қонған мүсіншінің мүсінінін шәкірті Тілеуберді Бинашев жасаған. 

Тілеуберді БИНАШЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, МҮСІНШІ: 

Ол кісіге біз қарыздармыз. Өйткені ол Қазақстанда мүсін өнерін ашып кетті бұрын-соңды болмаған. Бірге істестік. Міне ендімен сол қарызымды қайтарған сияқтымын. Творчества адамы болған соң шарфты орап, артқа лақтырып өйткені өнер адамының образын беру үшін осылай жасауға тура келді.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына жиналған зиялы қауым енді қазақтың хас мүсіншісіне Хакімжан Наурызбаевқа бір көшенің аты берілсе деген тілекпен тарқасты. 

З. Санай