Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы таратылды

AstanaTV
26.08.2019ж. 20:00
2162
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы таратылды

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы таратылды. Енді саяси-қоғамдық мәселелер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында талқыланады. Бүгін Коалицияның соңғы отырысында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. Данияр Қайыртай толықтырады.

5 партия мен 24 үкіметтік емес ұйымды біріктірген жалпыұлттық коалицияны тарату туралы ұсынысты мүшелері бірауыздан қолдады. 8 жылдың ішінде коалицияның 20-дан астам мәжілісі өтіпті. Онда қоғамдағы өзекті де өткір мәселелер қаралып, үндеулер жарияланған еді. Ел үшін маңызды нормативтік актілер мен бағдарламалық құжаттар бойынша ұсыныстар жасалды.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Кәсіподақтар туралы заң жобасы, Жер реформасы, Дуалды кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі және басқалар. Осы алаңның отырысына Үкімет мүшелері әрдайым қатысып, жасалған жұмыс бойынша есеп беріп, ұсыныстарымызды басшылыққа алып, тиісті шешімдер мен заңдарды қабылдау барысында ескеріп отырды.

«Жалпыұлттық коалиция өзінің тарихи міндетін орындады»,- деді Бауыржан Байбек. Енді билік пен қоғам арасындағы диалогты Президент жанынан ашылған Ұлттық кеңес қамтамасыз етеді. Оның жұмысына «Nur otan» да белсенді қатысатынын айтты партия төрағасының бірінші орынбасары. Ал таратылған коалицияның мүшелеріне «Мирас», «Nur otan Talks», «Nur otan Trends» секілді партиялық жобалардың аясында пікір алмасуға болады.  

Мұхтар МАНКЕЕВ, «ҚАЗАҚСТАН-2050» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бұл бір диалогтік алаң болса, қазір басқа диалогтік алаң бар. Әрине, біз Кеңеске кірмесек те, бірақ біздің өзіміздің халықпен болсын, жастармен болсын, бизнес жасап жүрген азаматтарымызбен өзіміздің алаңдарымыз бар, өзіміздің каналдарымыз бар. Соны одан әрі жалғастырып, жұмысымызды атқара береміз.

«Nur otan» партиясы да жаңғыру бағдарламасының аясында қоғамда толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешілуін қадағалайтын органға айналмақ. Мұны жақында өткен саяси кеңес бюросының отырысында партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қадап айтқан. Елбасы "Партия - мемлекеттік органдардың халыққа берген уәделерін орындауын мұқият қадағалап, оның нәтижелерін тұрғындарға жеткізіп отыруы керек" деген еді. 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 

Үлкен қызметте жүрген партия мүшелері халықтың алдына шығып, өзінің ойын айта білуі керек. Халықтың қойып жатқан сұрағына нақты жауап бере білуі керек деген нақты тапсырманы Елбасымыз тапсырды.

Билік партиясы дер кезінде қайта жандандыруды қолға алып отыр. Осылай деген партия мүшесі "бұл «Nur otan-ның» ел мен халықтың алдындағы жауапкершілік жүгін сезінгендігі" деді.   

Д. Қайыртай